Шымкентте қайғылы жол апаты тіркелді. Соның салдарынан жас қыз қайтыс болды. Қайғылы жағдай кешкі сағат 9 шамасында Ғани Іляев және Диваев көшелерінің қиылысында болған.
Мұнда Гольф және Рэйнж Ровер көліктері соғысып қалды. Куәлердің айтуынша, Гольф көлігі Диваев көшесінен келіп, Ғани Іляев көшесіне қарай бұрылады. Оның ішінде жолаушы мен жүргізуші — 20-25 жастағы екі қыз болған.
Қиылыста Гольфты Рэйнж Ровер көлігі келіп соққан. Жанынан тиген соққыдан шағын көлік аударылып кетіп, бағанаға соқтығысады.
Соның салдарынан бір қыз оқиға орнында тіл тартпай кетсе, екіншісін жедел жәрдем дәрігерлері ауруханаға алып кетті. Ал Рэйнж Ровер көлігінің жүргізушісі ауыр жарақат алған жоқ, ол ауруханаға барудан бас тартты. Қазір қайғылы жағдайдың толық себеп-салдарын полиция қызметкерлері анықтау үстінде.
Ақпан айының басынан бері Оңтүстікте 97 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 25 күннің ішінде 14 адам мерт болды. Тағы 114 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.