Шымкенттің әкімі қаланы аралады

277
Ғабидолла Әбдірахымов қаланы аралады

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Абай ауданы әкімдігінің активімен кездесіп, аудан аумағындағы бірқатар мәселелер бойынша ашық әңгімелесу өткізді. Әрі аталмыш аудандағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Әуелі қаладан 15 шақырым қашықтықтағы Ақтас полигонындағы тұрмыстық қатты қалдықты өңдейтін зауыттың құрылысында болған әкім қоқыс тасымалдаудағы проблемалар бойынша тиісті сала мамандарына тапсырма берді.

Ғабидолла Әбдірахымов қаланы аралады

— Шымкенттен шыққан тұрмыстық қатты қалдық тиелген көліктердің төбесі арнайы жамылғымен жабылуы тиіс. Себебі, төбесі ашық көліктен ұшқан қоқыстар төгіліп, шаһардың ірі жолдарын ластауда. Жергілікті полиция қызметінің мамандары қатаң қадағалау жүргізіп, талапқа сай жұмыс істемеген көлік иелеріне айыппұл салуы керек, — деді шаһар басшысы.

Қоқыс зауыты

Бұдан кейін қала басшысы Чапаевка елдімекеніндегі апатты кәріз коллекторының жұмысымен танысты. 1964 жылы салынып, 3-4 метр тереңдікте жатқан 5,6 шақырымды құрайтын құбырларды бүгінгі таңда мердігер мекеме жөндеп жатыр. Шаһар басшысы жауапты мамандарға кәріз құбырларын ауыстыру барысында бұзылған жолдарды тездетіп қалпына келтіріп, көлік қозғалысына кедергі келтірмеуін талап етті.

Коллекторды жөндеу

Ғабидолла Әбдірахымов күрделі жөндеуден өтіп жатқан Қапал батыр көшесінің бойындағы теміржол көпірінің жұмысымен танысты. 18 метрге дейін кеңейтілуі тиіс көпір уақтылы аяқталса, көлік қозғалысын реттеуде айтарлықтай сеп болары анық. Жұмысшы топ қаланы Төлеби және Сайрам ауданының бірқатар елді мекендерімен байланыстыратын көпір құрылысын тез арада пайдалануға беруге еңбек етіп жатқандарын жеткізді.

Қала әкімдігі

Бұдан кейін қала тазалығын қадағалау үшін шаһар басшысы Қапал батыр көшесін аралады. Мұндағы ретсіз жарнама маңдайшалардың шаһардың сәнін кетіріп, сауда дүңгіршектерінің қоғамдық ортада тазалық сақтамайтынын сынға алды. Осыған орай әкім орынбасарларына тазалық мәселесін үнемі басты назарда ұстау туралы тапсырма берілді.