Шымкенттің еріктілері онкология бөліміндегі балалардың көңілін аулады

526

Шымкенттің еріктілері ауруханаларда жатқан балғындардың көңілін аулады. Отыздан астам болып, бір топқа жиналған жастар қатерлік ісікке шалдыққан балалар күнінде ерекше сый жасауды жөн көріпті.

Облыстық балалар ауруханасына келген еріктілер өздерімен бірге үрілген шар мен ойыншықтар, бояулар мен қағаздарын ала келген. Жастар бұл жоспарды осыдан бірер апта бұрын қолға алғандарын айтады.

Еріктілер

— Бұл іс-шараға осыншама адам жиналады деп күткен жоқпын, — дейді еріктілердің ұйымдастырушысы Максим Пак. — Балаларға келуді осыдан бірер апта бұрын ойластыра бастадық. Ойымыз көптеген құрдастарымыздың арасынан қолдау тауып, балғындарға түрлі сыйлықтар алып келдік. Дәрігерлер бізге ойыншық алғанда жұмсағын емес, қаттысын, жууға болатындарын алуға кеңес берді. Сыйлықтан бөлек, ең бастысы, кішкентайлардың қам көңілін аулап, жүздеріне күлкі сыйлай білсек, бізге сол қуаныш.

Ауруханаға еріктілер мен бірге аниматорлар да бірге келген. Қасқыр, аю мен Машаның киімін киген өнерпаздар дертке шалдыққан балғындардың бір сәтке болса да жанға батар ауруларын ұмытуына себепкер болды.