Шымкенттің полицейлері әлеуметтік тәжірибеге қатысқандарға алғыс айтты

257
Полиция бейнеролигі

Шымкент қаласындағы жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан арнайы тәжірибе барысында жедел жәрдем көлігіне жол берген барлық жүргізушілерге алғыс айтты. Тәртіп сақшысы, сондай-ақ, осы бастаманың кең таралуына үлес қосқан журналистер мен тілшілерге де разылығын білдіріп отыр.

Данияр Мейірхан
Данияр Мейірхан

«Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің және жеке өз атымнан осынау әлеуметтік роликке кездейсоқ қатысып, жедел жәрдем көлігіне жол берген барлық жүргізушілерге, осынау бастаманы қолдап, кеңінен таралуына, жол жүру мәдениетінің қалыптасуына үлес қосқан барлық азаматтарға алғысымды айтамын.

Сонымен қатар журналистер мен осынау роликтің кеңінен таралуына көмектескен барлық қазақстандықтарға ерекше алғыс білдіремін. Қоғамдағы осындай проблемаға немқұрайлы қарамаудың нәтижесінде біздің бейнеролик тұрғындар арасында кеңінен талқыланды.

Алдағы уақытта да байланысымыз нығая түсетініне сенімдімін. Ал көлік жүргізушілерінен жолда жүру ережелерін сақтап, барынша сыпайы болуды сұраймын. Барлығыңыздың жолдарыңыз болсын!» дейді Данияр Мейірхан.

Еске салайық, осыдан бірнеше күн бұрын Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметі жүргізушілердің тәртібін анықтау мақсатында жедел жәрдем көлігімен көлік қозғалысы мол жолда жүріп, әлеуметтік ролик түсірген болатын.