Шымкент қаласының орталық алаңында оңтүстікқазақстандық жергілікті полиция қызметкерлерінің жазғы үлгідегі киімге ауысуына орай саптық байқау өтті. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл шараның басты мақсаты – полиция қызметкерінің сыртқы келбеті, керек-жарақпен жабдықталғанына көз жеткізу, сондай-ақ, жас қызметкерлердің патриоттық сезімін ояту, жауапкершіліктері, тәртібі мен адалдығын тексеру болып табылады.
Облыстық ішкі істер департаментіне қарасты жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Балтабек Абылаев өткізген байқауда жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция қызметкерлері сап құрды. Командирлер қызметкерлердің сыртқы келбетін, нысанды киімін, қызметтік куәліктерінің сәйкестігін, саптық дағдылары мен жалпы бөлімнің реттелгенін тексерді.
— Полиция қызметкерлері жинақы, ұқыпты және байсалды болуы керек. Халық тәртіп сақшыларының жұмысын, ең бірінші, сыртқы келбетіне, киіміне қарап бағалайды. Сол себепті таза, тап-тұйнақтай жүрудің маңызы зор екенін естен шығармаған жөн, — деді жергілікті полиция қызметінің бастығы.
Мерекелік шара әскери оркестр сүймелдеген салтанатты шерумен аяқталды. Мұндай саптық байқау жылына 2 рет, көктемде жазғы киім үлгісіне және күзде қысқы киім үлгісіне ауысқан кезде өткізіліп отырады.