Шымкентте абайсызда арақ ішіп қойып, аурухана төсегіне танылған 4 жасар бала бірнеше күн бойы ес-түссіз жатты деген ақпарат жалған. Бұл туралы зардап шеккен бүлдіршіннің анасы мәлімдеді.
Анасының айтуынша, ұлы этил спиртінің құтысындағы ішімдікті су деп ойлап, жартылай ішіп қойған. Осы сәттерде үйіне келіп қалған анасы дереу жедел жәрдем шақырып, бригада мүшелері асқазанын ауырсынған бүлдіршінді токсикология бөлімшесіне жеткізеді.
Еске сала кетейік, аталған жағдай 14 ақпан күні кешке таяу болған. Үйде екеуі қалған баланың жасы кішісі ойнап жүріп, спиртті ішіп қойыпты.
Жансақтау бөлімшесіне жатқызылған бүлдіршін өзін жақсы сезінгендіктен, ертеңіне ауруханадан анасының алып кетуіне рұқсат берілді.
Бір қызығы, бұл жағдайға қатысты токсикология бөлімінің дәрігерлері түсінік беруден үзілді-кесілді бас тартты.