Шаһардағы сауда орындарында «Шымкент-құс» жұмыртқасы жеткіліксіз. Жергілікті жұртшылық осылай деп отыр. Мұны сатушылар да растайды. Сауда нүктелерінде бұл жұмыртқаның бағасы — 25-28 теңге аралығында.
Сондықтан Шымкеттегі базарларға Алматы және Солтүстік Қазаќстан облыстарынан тасымалданған өнім жеткізіліпті. Ал ол жұмыртқалардың бағасы біршама арзан.
Шаһардағы базарларда жұмыртқа жайлап жатыр. Ұсақтығы мен ірілігіне қарай бағасы да біртіндеп арта береді. «Шымкент-құс» кәсіпорнының жұмыртқалары да 25 теңгеден 27 теңге аралығында саудаланып жатыр. Құнының қымбаттығына қарамастан, жергілікті өнім жеткіліксіз дейді сатушылар.
Сауда сөрелерінде Алматы мен Орталық және Солтүстік қазақстан облыстарының жұмыртқалары да жетіп артылады. Олардың көлемі жергілікті өнімнен артық болмаса, еш кем емес. Соның өзінде шеткі өңірлерден тасымалданатын жұмыртқалардың бағасы арзан. Тұтынушылар бұған арада алыпсатарлардың көптігі себеп деп налып отыр.
Сатушылар мен тұтынушылардың осы уәжін арқалап, «Шымкент-құс» кәсіпорнының есігін қақтық. Мұндағы мамандар облыстағы нарықты барынша қамтып жатырмыз деп ақталды. Нақты көрсеткішке сүйенсек, өңірдегі жұмыртқаға деген сұраныстың 60 пайызын қанағаттандырып отыр екен. Ал бағаның көтеріңкі болуына жем мен қажетті қоспалардың өзге аумақтан тасымалдануы әсер етіп отыр дейді.
Кәсіпорын жылына 140 млн жұмыртқа өндіреді екен. Күндік қуаты 400 мың данаға жетеді. Бидайдың қымбаттауы біздің өнімнің бағасына да әсер етті дейді. Өйткені құс жемінің бұл түрі Солтүстік облыстан теміржол арқылы тасымалданады екен. Ал дайын жұмыртқаны өзге өңірден жүк көлігімен әкелу әлдеқайда арзанға түседі деп ағынан жарылды кәсіпорын өкілдері.
Мақсат Жақсыбаев