Абай ауданың әкімі әрекетке көшті. Бұған дейін халық алдында есеп беріп, кабинетінен шықпайтын әкім деген атақ алған басшы сондағы айтылған түйткілдердің түйінін тарқатуға кірісті. Ауданның бас шенеунігі ауызша және жазбаша қойылған сауалдарды маңыздылығына қарай іріктеп, сол бойынша іске көшуді қолға алды. Бұл жолы әкім жер қатынастары бөлімінің мамандарымен Самал-3 шағынауданының тұрғындарымен кездесті.
Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев Құрсай елдімекенінде өткен кездесуде Самал 3 шағынауданы тұрғындарына берген уәдесін орындады. 2007 жылдан баспана тұрғызған жерлестеріміз көшенің басы бар, соңы жоқ, бекітіліп қалғанын айтып шағымданған болатын. Қырыққа жуық отбасы мекендеген көшенің қақ ортасын «заңды құжатым бар» деген бір азамат қоршап алыпты. Соның салдарынан үйімізге кіріп-шығу мұң болды дейді көпшілік.
Аудан әкімі көшенің қақ ортасына түскен құрылысты өз көзімен көрді. Өзімен ілесе келген жер қатынастары бөлімінің маманымен бірлесе мәселенің оң шешімін табуға ықпал жасайтынын жеткізді.
Бұл жаңа құрылысқа жер телімі 2005 жылдары берілген. Ал жол үстіндегі жер телімі бір емес, бірнеше рет қолдан қолға сатылған екен. Соңғы қожайын 8 соттық жерді қоршап алған. Жер қатынастары бөлімінің мамандары жер телімінің берілу заңдылығын тексеру үшін облыстық жер инспекциясына хат та жазғандарын айтады.
Нұрлан Жаңабай