«Қоғамды дұрыс қалыптастыру үшін қазақ қаламгерлерінің қатары артуы керек». Өңіріміздегі «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасына жиналған жазушылар осылай дейді.
Есімі ел аумағына әйгілі авторлардың айтуынша, шығармадағы кейіпкерлермен танысып, ондағы оқиғаларды саралаған оқырман ақ пен қараның арасын ажыратуға қауқарлы. Туған жерге деген құрметі артып, арам пиғылдан да ада болады. Десе де қазіргі уақытта жас толқынды тәрбиелеуге тиесілі қаламгерлердің қарасы азайып жатыр.
Облыстың бас кітапханасы — «Отырарда» әдеттегідей әдеби жиын, бірақ кеш кейіпкерлері ерекше. Есімдері ел аумағына әйгілі қаламгерлер шақырылған. Әдебиет әлемінің алыптарының айтар ойы, шығармашылығымен етене танысу үшін келген оқырманның да қарасы қалың. Арасында жас буын жазушылар да бар.
— Бұған дейін тек қазақ әдебиеті оқулықтары мен газет-журналдардан көрген жазушыларды көзімізбен көріп, жүздесіп, сұхбат жүргізіп жатырмыз. Ойымыздағы кейіпкерлер туралы да сұрадық. Қуантарлығы, авторлар біздің әрбір сауалымызға жауап берді. Әдебиетке, шығармалар жазуға деген құштарлығым арта түсті, — дейді оқырман Айгүл Базартайқызы.
Жазушымен жүзбе-жүз кездесіп, сырласудың өзі жас буын қаламгерлердің қанаттанып қана емес, қатарының артуына сеп болады. Бүгінге дейін 20 бірдей жыр-жинақтың авторы атанған Исраил Сапарбай осылай дейді. Сезімнің сұлулығын өлеңмен өрген жазушы қоғамды тәрбиелейтін тәлімгер-ақын болу үшін аз-кем еңбектің — ғылыми тұрғыда ізденудің қажет екенін жасырған жоқ.
Исраил Сапарбай, ақын:»Ақын дегеннің әлемі болады, бірақ, сол әлеммен қатып қалса, онда оның жырлары сұранысқа ие болмайды. Ол ізденуі керек, көп оқуы қажет, қоғамдағы орын алған жаңалықтардан да хабардар болуы маңызды. Өзімді мақтағаным емес, кітап жазу үшін көп еңбектенемін, әлі күнге кітаптарды көп оқимын. Қос жанарыма ота жасаған, дәрігерлер маған кітап оқуға шектеу қойды. Бірақ менің жаным кітаппен егіз, онсыз өмір сүре алмаймын. Кітаптарды оқи отырып, өзім кітап жазамын ғой, шығармашылық тоқырауға ұшырамас үшін әрдайым өзімді демеп, жебеп ізденуді тоқтатқан емеспін.»
Айта өтетін ақпар, осыдан 82 жыл бұрын құрылған ҚР жазушылар одағының бүгінде 777 мүшесі бар, оның 62-сі- күнгейлік қаламгер. Ең жас жазушы — 35 жаста. Бұл әлі күнге әдебиеттегі жас буын қатарының кемшін екенін көрсетсе керек.