Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру жағдайлары жиілеп отыр. Заңсыздықтар өзендердің су қорғау аймақтарында, орман және ауыл шаруашылығы жерлерінде жүргізіліп жатқандықтан, құқық бұзушылардың мұндай іс-әрекеттері тек мемлекеттің материалдық мүддесіне ғана емес, жергілікті аймақтың экологиялық қауіпсіздігіне де теріс әсерін тигізуде.
Осыған байланысты заңсыз жер қойнауын пайдалануды тоқтату мақсатында облыстың барлық аудан, қала әкімдіктерінде жұмысшы топтар құрылды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері заңсыздықты анықтаған жағдайда ауыл және аудан әкімдіктерінің, экология департаментінің, құқық қорғау қызметкерлерінің іс-қимылдары анықталып көрсетілген нұсқаулыққа сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Биыл да бұл жұмысшы топ өз жұмысын бастап, алғашқы рейдті Бозарық айналма жолының бойынан бастады. Мұнда топырақты заңсыз алудың 3 фактісі анықталды. Енді кінәлілерге заң талаптары аясында шара көрілетін болады, деп хабарлайды сала мамандары.
Айта кетейік, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы және ішкі істер департаментімен бірлесіп, 2015 жылы жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 13 дерегін анықтады. Оның арасында Шымкент қаласы аумағында — 6, Бәйдібек ауданында -1, Арыс ауданында -1, Ордабасы ауданында -2, Қазығұрт ауданында — 2, Төле би ауданында 1 факті әшкереленді.
Жинақталған құжаттар ОҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының процессуалдық шешім қабылдау үшін аудандық ішкі істер бөлімшелеріне жолданып, 10-на қатысты іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстары жүргізілген, ал үшеуіне қылмысты іс қозғалып, кейіннен қысқартылған.
Одан бөлек 2015 жылы аудандық, қалалық ішкі істер басқармасының және аудандық прокуратураның талап хаттары негізінде облыстық экология департаменті тарапынан заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша 24 тұлғаға 1 млн 882 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды және оның 991 мың теңгесі мемлекеттік бюджетке өндірілді.
Заңсыз жер қойнауын пайдалануды тоқтату бойынша заңнаманың тиімділігін арттыру үшін облыс әкімдігі тарапынан Қазақстан Республикасы үкіметіне қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістерді енгізуге қылмысты іс қозғау үшін келтірілген залал мөлшерін азайтуды, құқық бұзушылықты жасау құралдары мен заттарын, яғни қазу техникасы мен жүк көліктерін тәркілеу және құқық бұзушылықты жасау құралдары мен заттарын меншік құқығына қарамай тәркілеу бойынша ұсыныстар берілді. Биыл да қоршаған ортаға зиян келтіріп жатқан заңсыз жер қойнауын пайдалануды тоқтату мақсатында аудан, қала әкімдері мен жаңадан құрылған жергілікті полиция қызметі бұл мәселені бақылауға алып, заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларды анықтау бойынша облыс аумағында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен рейд ұйымдастыруда.