10 наурыз — Оңтүстік Қазақстан облысының құрылған күні. Мұрағаттағы құжаттарға сүйенсек, 1932 жылы дәл осы күні облыс құрылып, орталығы Шымкент қаласы болып бекітілген. Биыл 84 жыл толып отырған өңірге алғашында жиырмаға жуық аудан-қалалар кірген.
ОҚО мемлекеттік мұрағат қызметкерлері құнды қағаздың әлі күнге дейін сақталғанын әрі жыл сайын тың деректермен толығып отырғанын айтады.
Адамзатқа ерте заманнан қоныс болған Қазақстанның оңтүстігі тамыры терең тарихи өлке. Ықылым заманды былай қойғанда берісінде Ұлы Жібек жолы қиып өтетін бұл өңір экономиканың да, мәдениеттің де мәйегіне ерте айналған. 1932 жылдың 10 наурызы күні тарихи маңызды құжатқа қол қойылған.
Мұрағаттың ұқыпты сөрелерінен облыстың алғашқы маңызды құжатын тауып, арнай таныстық. Мұнда Қазақстан аумағында құрылған 6 облыстың бірі Оңтүстік Қазақстан деп жазылған. Құрамына жиырмаға жуық аудан-қала бекітіліп, орталығы ретінде Шымкент қаласы белгіленген. Бұл құрам 1936 жылы қайта жаңартылып, Қызылорда, Жамбыл облыстарына тиесілі аудандар еншісін алып шыққан. Мұның барлығы арнайы бұйрыққа түсіп, мұрағатта сақталған.
Флюра Бекташова, ОҚО мемлекеттік мұрағатының қойма меңгерушісі: «Оңтүстік облысы әкімдігіне тиесілі құжаттардың барлығы осы бөлімде сақталған. Алды 1917 жылдан бастап осы күнге дейінгі басшылардың бұйрықтары, ұйғарымдары мен түрлі жиындарының хаттамасы да бар. Оларды күтіп-сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Жыл өткен сайын құжаттардың маңыздылығы арта түседі.»
Оңтүстік Қазақстан — республиканың ең ірі аймақтарының бірі. Жер көлемі 117,3 мың шаршы шақырымды құрайды. Ал халқының саны шамамен 2,5 миллионға таяп қалған. Арада 84 жыл өтсе де өңірдің орталығы өзгерген емес. Тек шекарасы ұлғайып, тағы қырық елдімекенмен толыққан.
Оның барлығы тарих бетінде алтын әріппен жазылып, мұрағатта сақталған. Қызметкерлердің айтуынша, мұндағы әрбір қағаз алтыннан қымбат. Ал өңірдің өткеніне қызыққан әр азамат бұл құжаттармен жақынырақ таныса алады. Ол үшін басқарма басшысынан рұқсат алып, оқу залына виза аштырады.
Халима Кешкинбаева, ОҚО мемлекеттік мұрағаты оқу залының меңгерушісі: «Біздің визаны алған ізденуші арнайы ережелерге бағынады. Өзіне қажетті құжатты арнайы картотекадан тауып, бір күнде жиырмаға жуық құжатпен жұмыс жасай алады. Оқу залы тек сенбі, жексенбі күндері ғана жұмыс істемейді. Қалған күндері ізденушілердің сұранысын қанағаттандыру үшін қызмет етеді. Бірақ, соңғы уақытта ғылыми ізденушілердің қатары азайып кетті. Тағы қоса кетейін, біздің мұрағат жаңа құжаттармен толығып отырады. Шетелдерге көптеп шығып, елімізге қатысты құжаттарды көшіріп аламыз. Сондай-ақ, Орынбор, Ташкент, Омск елдерінде білім алған ақын-жазушылардың өміріне қатысты құжаттарды да көптеп жинап жатырмыз.»
Облыстың орталығы, көне шаһар Шымкентке қатысты құнды құжаттар да дәл осы сөрелерде сақталған. Бірнеше ғасырлық тарихы бар ескі болса да қаланың өңі жарқын. Көшелер заманауи үлгіде безендіріліп, түрлі зәулім үйлер бой көтерген. Шымкенттің шырайының артуына оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер көптеп үлес қосқан десек те қателеспейміз.
Оңтүстік өзінің оң өзгерісін осыдан төрт жыл бұрын елге паш етті. Атқарылған жұмыстың жарқын жетістіктерін 80 жылдық мерейтойда көрсетті. Оңтүстік Қазақстан облысына биыл 84 жыл толса, келер жылы 85 жылдығын тағы да дүркіреп атап өтер деген сенім бар.