Оңтүстікте небәрі соңғы 2 айдың ішінде қылмысты әрекеттердің саны былтырмен салыстырғанда едәуір артқан. Бұл тұралы заңдылықты, құқықтық тәртіп және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісінде айтылды. Өңірде бөтеннің мүлкін ұрлау кең таралған қылмыс болса, одан кейінгісі — алаяқтық.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, ақшаны қарызға алу, несие рәсімдеу, жер учаскесін алып беремін деп, оңай олжа тапқысы келетін тұлғалардың әккі әрекеті көбейген. Ол өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артыпты. Шекпенділер пен шенеуніктер бас қосқан жиында аталған мәселенің мшешілу жолдары талқыға түсті.
Енді тиісті мекеме басшылары азаматтар көп шоғырланған ортада кеңінен құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп отыр. Бірақ түсіндіруден қылмыстылық тыйыла қалатынына көпшілік күмәнмен қарайды.
Алаяқтық қылмысқа барғандардың басым бөлігі мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, оңай олжаға кенелгісі келген пайдакүнемдер. Бірі кезектен тыс пәтер әперемін десе, енді бірі жер телімін заңсыз жолмен саудаға салғандар. Бұл туралы Шымкент қалалық ішікі істер басқармасында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, қомақты қаржыларын жымқырып отырған. Былтыр мұндай қылмыс бойынша 1650 іс тіркеліп, оның 1358-і сотқа жолданған. Дегенмен, жәбірленуші тарап алданғандарын кеш түсініп, шығындарын кері қайтара алмаған.