Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет келіндер байқауы өтті. Ерекше байқау Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылды.
Облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Ұлттық салт-дәстүр нәрімен сусындаған — Бесік жыры» атты келіндер байқауы өтті. Байқауға қатысушылар 5 кезең бойынша сайысқа түсті.
«Сымбат-көркі сынымен!» — өзін-өзі таныстыру, «Сәбиімді әлдилеймін әндете» -бесік жырын орындау, «Ана көрген тон пішер» — қолөнер, «Салт-дәстүр асыл қазынам» — сұрақ–жауап, «Өнерлі өрге жүзер»- өз өнері, «Даналар мұрағаты» — мақал-мәтел жарысы тақырыбында сайысқан келіндер біліктілігі мен өнерін паш етті. Мерекелік байқау «Ақ босаға» әнімен ашылып, «Шашу» және «Көркем» әжелер тобы мүшелерінің ақ батасымен бастау алды.
Сонымен, байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені ОҚМУ-дың ІІІ курс студенті Әсем Нұралиева алса, бірінші орынды Б.Момышұлы атындағы №44 жалпы орта мектептің оқытушысы Жанар Оралбаева, ал екінші орынды банк қызметкері Динара Наханова иеленді. Жүлдеоі үшінді орынды Жұлдыз Қалмұрзаева жеңіп алды.