Футболдан Қазақстан чемпионатында Оңтүстік намысын қорғайтын жергілікті команда жеңісті жолын бастады. «Ордабасылықтар» ел чемпионатындағы алғашқы үш ұпайына қол жеткізді. Қажымұқан стадионында шымкенттіктер «Ақтөбе» клубын қабылдап, 3-1 есебімен жеңіске жетті.

"Ордабасы" командасы

Күннің жаңбырлы болғанына қарамастан, трибуналар жанкүйерге лық толы болды. Тіпті, облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов та ордабасылықтарға жанкүйер болды. Оңтүстік ойыншылары да үмітті ақтады.

"Ордабасы" командасы

Алғашқы таймның өзінде-ақ қарсыластар қақпасын екі рет бағындырды. Мачты капитан ретінде бастаған Азат Нұрғалиев кездесудің 34-минутында 11 метрлік айып соққыны шебер орындаса, араға тағы он минут салып, Эдин Юнузович есепті еселей түсті.

"Ордабасы" командасы

Матчтың екінші жартысы да жерлестеріміз үшін сәтті болды. Азат Нұрғалиев дубль орындады. Ақтөбеліктер де шабуылға көшіп, бір гол соғуға мүмкіндік алды. Алайда, таразы басын теңестіруге ептілігі жетпеді.

Қорытынды есеп – 3:1. Ел чемпионатының алғашқы тур ойынының қорытындысы бойынша Ордабасы турнирлік кестенің бірінші орнына көтерілді.