Шымкентте полицейлерден қашпақ болған Лада приора жүргізушісі ұсталды. Ал қызметтік көлігімен адам қаққан тәртіп сақшыларының әрекеті жазылған бейнежазбаны жергілікті полиция басшысы жария етті. Қазір сол айғақты дүниені негізге ала отырып, жан-жақты сараптамалар тағайындалған.
Ол кадрларда ақ түсті Лада жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне өткені байқалып тұр. Мұны көрген экипаж қызметкерлері Ладаны тоқтатуға тырысады. Бірақ жүргізуші бұған бағынбастан, қаша жөнелген. Тәртіп сақшылары дабылын үзік-үзік қосып, жыпылықтаған белгісімен бірден соңына түседі. Жоғары жылдамдықпен қаша жөнелген жүргізуші темір тұлпарын игере алмай, ақыры апатқа ұшырайды.
Ладаның соққысынан сытыламын деп, алға қарай жүгіре шыққан жаяу жүргіншіні ақырында полицейлер мінген көлік қаққан. Әріптестерінің сөзін сөйлеген қалалық жергілікті полиция бастығының айтуынша, инспекторлар күдікті көліктің соңына түскені заңды. Бірақ тәртіп сақшыларының адам қағуына қатысты уәж айту қиын дейді ол.
Данияр Мейірхан, Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы: «Қашып кеткен жүргізуші жұмыс орнында ұсталды. Ол құрылыс компаниясында жұмыс жасайды. Белгілі болғаны, ол Өзбекстан азаматы екен. Біраз жылдан бері Шымкентте тұрады. Айта кету керек, жергілікті полиция қызметкерлерінің әрекетіне толық тексеруден соң баға беріледі. Өйткені, Лада автокөлігінің жүргізушісі жол ережесін бұзып, бағынбай кетіп, ізін суытпақ болады.»
Көрші ел азаматы 2002 жылдан бері Шымкентте тұрады. Оның жүргізуші куәлігі де Өзбекстандікі. Ұсталғанның айтуынша, ол бір күн бұрын сыра ішкен екен. Онысын сездірмес үшін полицейлерден бой тасалауға тырысыпты.
«Мен балаларыммен кетіп бара жатқанда полицейлер тоқтауымды талап етті. Кеше ғана ішкендіктен, иісі білініп тұрды. Сондықтан қашып кетпек болдым. Бірақ, рөлді басқара алмай қалып, қарсы алдымнан шыққан көліктерді соқпас үшін жолдың шетіне шығып кетті. Не болғанын түсінбей қалдым. Көліктің ішіндегі екі балам қатты қорқып, жылап қоя берген соң үйіме кетіп қалдым» дейді жүргізуші.
Қылмысты істі зерделеп жатқан сарапшылар экипаж көлігіне жазылған бейнежазбаны зерттеп жатыр. Жол апатына қатысы бар тәртіп сақшылары әзірге жұмыстан уақытша шеттетілген. Ал көлік қаққан науқастың жағдайы әлі ауыр.
Ернар Балабеков