Шымкент қаласының әкімі аналар мен аруларды 8 наурыз мерекесімен құттықтады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ардақты аналар, аяулы арулар! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз әйелдердің халықаралық күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ана – қашанда тіршіліктің тірегі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі, жақсылықтың бастауы. Халқымыз әрқашан әйел затын қастерлеген, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балаған.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың парасатты, салиқалы саясатының нәтижесінде елімізде әйелдер құқығы мен мүддесін қорғауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Әйелдер бүгінде барлық салада жемісті еңбек етуде. Шымкент қаласын дамытуда да әйелдердің қосқан үлесі ерекше.
«Отан отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Қазақстанның гүлденіп-көркеюі, дамыған мемлекетке айналуы отбасындағы тату тіршілікке байланысты. Ал үй ішіндегі береке ананың қолында екені баршамызға белгілі. Сондықтан да, әйел – Отанымыздың сақтаушысы, береке-бірлігіміздің бастауы ретінде бағаланады.
Қадірлі асыл аналар! Ардақты арулар!
Сіздерге шынайы ілтипатымды білдіре отырып, осынау көктемнің жарқын да шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Көктемнің гүліндей құлпырып, әрқашан бақытты да баянды ғұмыр кешіңіздер! Бүгінгі мерейлі мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!
Ғабидолла Әбдірахымов,
Шымкент қаласының әкімі