Шымкенттің полицейлері өзіне өзі қол салмақ болған 40 жастағы азаматты аман алып қалды. 28 наурыз күні Әл Фараби полиция бөлімінің кезекшісіне суыт хабар түсті.
Қоңырау шалғандар Төменгі Отырар шағынауданындағы көп қабатты үйлердің бірінде ер кісінің өз өмірін қиюға әрекеттеніп жатқанын хабарлайды. Оқиға орнына полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасов бастаған жедел-тергеу тобы шұғыл аттанады. Сонымен қатар құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметтері де жұмылдырылды.
Тәртіп сақшылары келе сала пәтер тұрғындарын қауіпсіз аумаққа көшірді. Осы сәтте анық болғаны, өзіне қол салмақ болған ер кісі отбасымен жанжалдасып, қоқан-лоққы көрсеткен. Пәтерін ішінен жауып алып, 5 литрлік ыдыстағы жанармаймен өзін өртемек болыпты.
Полиция қызметкерлері мен прокуратура өкілдерінің 2 сағаттық түсіндіру жұмыстары өз нәтижесін бермеді. Сондықтан, суицидтің алдын алу мақсатында ерлік пен қайсарлық танытқан полиция бөлімінің бастығы бастаған тәртіп сақшылары пәтерге кіріп, өзін және тәртіп сақшыларын өртемекші болған бұзақыны ұстап үлгерді.
Айғақ зат ретінде күдіктіден жанармай құйылған ыдыс, оттық және күйген киімдер тәркіленді. Бұл жайт Әл Фараби полиция бөлімінің сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркелді. Қазақстанның қылмысты кодекстің төрт бабымен іс қозғалды: 293 — бұзақылық, 379 — билік өкіліне бағынбау, 115 — қорқыту және 380 — билік өкілінің қызметіне кедергі жасау және оның заңды талаптарын орындамау баптары.
Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.