Шымкентте «Doing Business» рейтинг жобасы енгізілмек. Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтетін таптырмас тетік еліміздің сегіз қаласында қолға алынып отыр. Бұл туралы өңірімізге ресми сапармен келген ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
Ведомство басшылығының айтуынша, жаңа жобаны Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскемен, Павлодар және Қостанай қалаларында жүзеге асыру көзделінуде. «Бизнес жасайық» деп аталатын әлемдік рейтингті кіріктіру үшін аталған өңірлерден өкілдер арнайы келіпті. Жаңа бастаманы тәптіштеп түсіндіру үшін шетелдік қонақтар да шақыртылған. Айта кетейік, «Бизнес жасайық» әлемдік рейтингісінде Қазақстан былтыр 189 елдің ішінде 41-орынға табан тіреген. Шетелдік мамандар бұл жас мемлекет үшін өте табысты қадам деп біледі.
Жульен Вилкин, дүниежүзілік банктің сарапшысы: «Дуин бизнес» рейтинг жобасының кәсіпкерлікті дамытуда көмегі өте көп. Біздің дүниежүзілік банктің жасақтаған 19 реформасына Қазақстан мемлекеті негізгі қатысушы болып отыр. Атап айтсақ, сол реформалардың 10 бағытының жетеуін түгелдей игерді. Бүгінде Қазақстан кәсіпкерлік саласында да аса белсенді елдердің көшін бастап тұр.»
Жеке ұлттық жобаны құрылыс, қуат өндіру және кәсіпорындарды ашу, сонымен қатар, өз меншігін тіркеу саласында кіріктіруге болады. Бұл бизнесті жүргізуді оңтайландырудың ең тиімді тетігі. Жиында министрліктің өкілдері осыны тереңінен түсіндіруге тырысты.
Қайырбек Өскенбаев, ұлттық экономика вице-министрі: «Бизнесті жасауда оңтайландырудың ең негізгісі — ол кәсібіңізді бір күнде ғана емес, бір сағатта-ақ және үйден шықпай тіркетуге болады. Ол үшін өтініш жазса болды, бұрынғыдай алдын ала мөр жасатып, шешімін күтіп сандалып жүрудің қажеті жоқ. Әрине, бұл тұрғыда электронды үкімет порталын кеңінен пайдалану керек.»
Енді 8 бірдей қалада қолға алынатын жоба өңірлер арасында да ішінара бәсекелестікті күшейтеді. Ол үшін әрине, жергілікті әкімдіктер жеке ұлттық бастаманың одан әрі өрбуіне жағдай жасауы шарт.
Мақсат Жақсыбаев