Шымкентте қолқап шығаратын зауыт іске қосылды. «Оңтүстік» индустриалды аймағында ашылған кәсіпорында өндірісте және құрылыста қолданылатын қажетті бұйым әзірленеді. Әзірге оған керекті шикізат Қытайдан тасымалданғанымен, жуық арада тауар толықтай отандық өнімнің қатарына енбек.
Зауыттың салтанатты ашылу рәсімі дәстүрлі лента қиюдан басталды. Орнатылған машиналар іске қосылып, жұмысшылар орындарына жайғасты.
Қолғап дайындау технологиясы бірнеше сатыдан тұрады. Бұл іс аса қиын емес және жұмыстың көбі автоматтандырылған құрылғылардың күшімен жүреді. Ал соңғы жұмысы тігіншілерге жүктелген. Насиба Атабулатованың қолынан бір күнде 3 мың дана бұйым әзірленеді.
Аталмыш өндіріс ошағы кәріч инвесторларының қаражаты есебінен салынған. Зауыт құны 400 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын басшылары жылына 940 мың қолғап шығаруды жоспарлап отыр. Бүгінде 60 жұмысшысы бар өндіріс орны мамандардың да қатарын толықтырмақ.
Әзірге өндіріске қажетті шикізат Қытайдан тасымалданады. Алайда, жақын арада тауар толықтай отандық өнімге айналмақшы. Бұған қаламыздағы жоғары оқу орнының бірі қол ұшын береді. Мұнда профессорлар жіп шығару технологиясын енгізбек.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өкілдерінің сөзінше, бұл жоба өңір үшін аса маңызды. Кәсіпорын басшылары алдағы уақытта тауар сапасы мен көлемін арттырып, сатып алушылардың санын толықтырамыз деп отыр. Қазірдің өзінде тұрақты тұтынушылары да бар.
Дана Тұрғынова