«Темір қатын». Өңіріміздегі Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры осы премьералық қойылымын сахналады. Комедиялық спектакльдің авторы — өзбек драматургы Шараф Башбеков.
Сөйлейді, би билейді. Бір қарағанда жарқырай киінген сұп-сұлу жанға, жұлдызға да ұқсайды. Бірақ бұл — адамдықтан ада, темір әйел, өзбек елінің шаруасына, мақта теруге ыңғайластырылып жасақталған техника. Авторы оны «Ғаламат» деп атаған.
«Темір» әйелді сомдау театрда 4 жылдық тәжрибесі бар Гүлжайна Ілясоваға жүктелді. Өнер иесі бірауық роботтың кейпіне ену әсерімен бөлісті.
Гүлжайна Ілясова, Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі: «Алғашында робот болу, оның көзқарасын, іс-қимылын көрсету маған да оңай болған жоқ. Көзқарасының өзі ерекше болуы керек делінген. Сондықтан, әрбір басқан қадамымды нық әрі қатаң жүруге тырыстым, кей кездері образға еніп, шыға алмай қалатын жағдайлар да болды. Әрине дайындық кезінде барымды салдым. Бұл рөл арқылы өзімнің адам болып жаратылғаныма қуандым, шүкірлік айтамын.»
Оқиға желісі бойынша шағын ауылда жер жыртып, нәпақасын тауып жүрген Қошқар атаның өміржолы баяндалады. Ел ағасы жұбайымен жараспай қалды. Жолдары екіге айырылады. Үй шаруасын атқаратын адам іздеп жүргенде ауылға сау етіп әйгілі өнертапқыш келеді. Ол мұнда темір техниканы-робот әйелді таныстырды. Комедиялық қойылымда «Ғаламаттың» түр-түсіне ессіз ғашық болған кейіпкердің әлегі де көрініс тапқан.
Өнер ұжымы «Темір қатын» туындысын сахналау үшін 1,5 ай уақыт бойы дайындалған. Еңбектің қоюшы-режиссері Қуандық Қасымовтың айтуынша, қалжыңға толы қойылымдағы адамға тән қабілет пен техниканың қауқарсыздығын көрсетуде жас әртістердің еңбегі ерек.
Қуандық Қасымов, Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының қоюшы-режиссері: «Бұл өзбек драмасы болған соң тек өзбек ұлтының сазды әуендерін қолдандық. Жас әртістердің қимыл ширақтығына тәнті болдым. Расында да керемет! Олар әр қимылды меңгеруі үшін кемінде 5 сағат уақыттарын жұмсады.»
Комедиялық қойылымының соңы «Темір қатынның» еңбек етуде тозығы жетіп, жарамсыз күйге түсуімен, соңынан жанып кетуімен тәмамдалады. Адамның адами қасиетіне, құнына көзі жеткен кейіпкер өзінің жарымен табысады. Адамға тән қабілет пен ақылды айрықша ұсынған Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры енді қойылым ұжымның алтын қорына енетінін мәлімдеді.