Шымкенттің полицейлері бірнеше ондаған көлік ұрлаған күдіктілерді ұстады. Қолға түскендердің жыл басынан бері 40-қа жуық қылмысқа қатысы бар.
Солардың бірі — қалалық ішкі істер басқармасының жедел уәкілдері ұстаған 24 және 22 жастағы екі жігіт тек БМВ маркалы көліктерді ұрлап келген. Темір тұлпарды бөлшектеп, сауда нүктелеріне өткізіп жіберіп отырған екен. Бұған қоса 15 қылмысқа қатысы бар күдікті ұсталды.
Ермахан Әбдраманов, Шымкент ҚІІБ бастығының бірінші орынбасары: «Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер тағы бір күдіктіні қолға түсірді. Ол 1988 жылы туылған Шымкент қаласының тұрғыны. Күдіктінің 15 қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Оның 8-і автокөлік ұрлығы болса, 7-еуі автокөліктен ұрлау деректері.»
Сондай-ақ, жалғыз өзі 27 көлік ұрлығын жасаған күдікті де қолға түсті. 30 жастағы Шымкент тұрғыны бұған дейін сотты болған. Түрме сабақ болмаса керек, 3 рет автокөлік айдап кетсе, 24 машинаны тонап кеткен.
Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 20 миллион теңгеге жуық. Қазір ұрланған автокөліктердің біразы және бағалы заттар айғақ зат ретінде тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарды.
Аталған жайттар бойынша қылмысты кодекстің 188 (ұрлық) және 200-баптары (автокөлікті заңсыз айдап әкету) бойынша іс қозғалды. Күдіктілер қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полицейлер осындай қылмыстан сақтану үшін тәуліктің кезкелген уақытында автокөлікті автотұраққа қоюды, бағалы заттарды автокөліктің салонында көрінетін жерде қараусыз қалдырмауды және автокөлікке сенімді дабыл жүйесін орнатуды ескертеді.