Шымкенттің бюджеті өзгерді

251
Шымкент бюджеті

Қала бюджетіне кезекті өзгеріс енгізілді. Қалалық мәслихат депутаттарының кезектен тыс 57-сессиясы өтті. Халық қалаулылары облыс орталығының 2016-2018 жылдарға арналған бюджетін қайта қарады.

Бұл жолы қаржының басым бөлігі қаладағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Белгілі болғандай, Тұран шағынауданының инженерлік инфрақұрылымына 20 млн теңге бөлінді. Тағы 5 млн теңгеге әкімшілік-іскерлік орталықтың жүйелері жөнделетін болып шешілді. Сондай-ақ, биыл төрт мектептің құрылысына 20 млн теңге бөлінеді. Нәтижесінде қаладағы үш ауысымды оқу жүйесі өз шешімін таппақ.

Шымкент бюджетіӨзгерістерге сәйкес, үш ауысымда оқитын мектептерді екі ауысымға ауыстыру үшін Достық шағынауданындағы 1200 орынды мектеп құрылысын, №59 орта мектепті қайта құру және Қайнарбұлақ шағынауданындағы мектеп пен Жаңаталап тұрғын алабындағы 600 орынды мектеп құрылысын бастауға ұсыныс беріліп отыр.

Депутаттар мақұлдаған тағы бір мәселе бар. Шымкентте қалалық тұрғын үй бөлімі құрылатын болды. Бұрын тұрғын үй-комуналды шаруашылық бөлімінің құрамында болған сектор бөлім болып, еншісін алып шығады.

Бұған қоса Қазақстанның «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына 2015 жылдың 2 қарашасында енгізілген өзгерістерге сәйкес, Абай, Әл Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында жергілікті өзін-өзі басқару аумағы кеңесінің құрамын бекіту, қалалық мәслихаттың 2015 жылғы 22 желтоқсандағы № 54/411-5с «2016-2018 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі депутаттар назарына ұсынылды. Айтылған мәселелердің бәрі де депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.