Ғанидың әр күні осылай жоспарланған. Тігін мәшинесіне отырып, киім тігеді, әрқайсысының үлгісін ойластырады, ою салады. Мата мен оның түсін таңдайды. Тапсырыс берушілерлдің сұранысына сай дүниелерді жасауға тырысады. Өз ісін сүйіспеншілікпен атқаратын Ғани Көбеев — Шымкентен шыққан алғашқы дизайнер. Әрине, ер кісілер арасынан. Отандық киім өндірісін дамытуды қалайтын маман бар уақытын осы салаға арнайды.
Ғани өз ойлағанына қол жеткізу үшін батыл қадамдар жасады. Әрбір ер-азамат қолына ала бермейтін істі бастады. Оның бұл ретте жолы да болды. Өйткені ата-ана, туған-туыс оны бірден қолдады.
— Басында қобалжығаным рас. Достарым, ата-анам не дейді деп, біраз ойланып жүрдім, — дейді Ғани. — Бір қуаныштысы, ешкім қарсы болған жоқ. Бірнеше жарыстарға барып, жеңімпаз атанып жүрдім. Жетістіктерімді көре бастағаннан кейін қолдауларын да күшейтті. Ең алғашқы жұмысым, бисер жапсырылып, тігілген киімді 100 АҚШ доллорына сатқанмын. Ол сол кезде үлкен ақша болатын. Әлі кезге дейін есімде. Кейін анама жилет тігіп бердім.
7-сыныпта ою ойып, сурет салуға ынтасы мен қабілетін байқаған ұстаздары оны сабақтан алып қалып, жеке дәріс берген. Тіпті осы жолға түсуіме Айман апайының ықпалы зор болыпты. Осылайша қаламы мен қайшысын қолына серік еткен дизайнер болашақ мамандығын таңдауда да көп ойланбады. Көркемсурет колледжіне түсіп, кәсіби білім алада.Кейін қазақи үлгіде киім тігуге ден қояды.
— Еуропалық киім үлгілерінен халық шаршаған. Бүгінде адамдар әлемге танымал брэнд киімдерін киеді, бірақ, ол соншалықты сәнде емес. Өйткені бүгінде қазақтың ұлттық нақышындағы дүниелер сәнде. Мысалы біз де сапалы дүниелерді жасай аламыз. Европалық стильдегі киімді алып, оюлармен өрнектеп, қазақи стильде тігіп шығаруға болады. Бұл біз үшін де, халық үшін де ұтымды деп ойлаймын. Негізгі мақсатым- ұлттық киімдерді жаңғырту, — дейді дизайнер.
Бүгінде қазақи үлгідегі киімдер, қажекей мен сәукеле тігіп, көптің көңілінен шығып жүрген жас дизайнердің арманы көп. Ол қолынан шыққан дүниелерді тек той домалақ пен қыз ұзату кезінде ғана емес, күнделікті өмірде, жұмыста кисе екен дейді.
Ғани Көбеев, дизайнер: «Мен — ұлттық нақыштағы киімдерді халқымыз, қыз-келіншектеріміз тек тойда ғана кигенін қаламаймын. Сондықтан күнделікті өмірде де киетін киімдерге оюлар түсіріп, тіксем деймін. Cырт киімдерді тігу жоспарымда бар. Кейде бізге Европа стилінлегі көйлектерді тігіп беріңіз деген ұсыныстар келеді. Бірақ біз мұндай тапсырыстарды қабылдамаймыз. Өйткені біздің принципіміз — тек қазақи үлгідегі киімдерді тігу».
Ғанидың қолынан шыққан дүниелер өзіне ешқашан ұнаған емес. Мұны ол қалыпты жағдай деп біледі. Өйткені өз-өзіне көңілі тоқ шығармашыл жан тоқырауға ұшырауы мүмкін деп санайды. Алайда оның киімін киіп, алғасқа бөлеген жандардың ықыласы ерекше екеніне қуанышты. Жерлесіміз ерінбей еңбек еткеннің жұмысы жемісті болатынына сенеді. Және сол жолда отандық брэнд қалыптастырып, аянбай еңбек етуге даяр.