Ұлттық киім дизайнерлері сынға түсті

33
фото ОТЫРАР

Мегаполисте ұлттық киім дизайнерлерінің «Жібек жолы айшықтары» атты көрме-байқауы өтті. Сегізінші рет ұйымдастырылып отырған шараға қаламыздың 33 дизайнері өз туындыларын әкелген.

Бүрмелі көйлек, оюлы қамзол. Бағалы тастармен безендірілген киімдерге үйлескен зергерлік бұйымдар. Мұның барлығы ұлттық нақышта. «Көктем нұры» деп аталатын бұл коллекция 9 киімнен тұрады. Топтамадағы киім үлгілері жарқын түстерден тігілген. Жоба авторының діттегені баяғының киім үлгісін заманауи сәнмен ұштастыру.

Фатима Мейірбекова, дизайнер: «Тұрмысқа шықпаған, бойдақ қыздарға арналған киім. Ол киімдер қыздың нәзіктігін, еркелігін көрсетеді. Киімдерде қауырсындар бар. Желбезектер бар. Жаңа киімдер мен бұрынғы қазақтың киімдерін араластыра отырып, жаңаша киім үлгілерін ойлап таптық»

Ұлттық киім көрме-байқауында дизайнерлер қазақ халқының мәдениетімен қоса ұлттық құндылықтарын дәріптейтін туындыларын жарыққа шығарды. Мұндағы мақсат – жас дизайнерлердің эксклюзивті туындыларын насихаттап, сəнгерлер шығармашылығын қолдау дейді ұйымдастырушылар.

Мөлдір Оңдасынова, Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары:
«»Жібек жолы айшықтары» іс-шарасы көрме орталығы ашылғалы бері 8 рет өткізілуде. Мақсат — осы қаламыздағы кәсіпкерлердің, дизайнерлердің ұлттық нақышта тіккен киімдерін жарыққа шығару, көрсету, қаламызға таныту. Тек қана қаламызға емес, осы шараларды өткізу арқылы республикамызға да танымал болады»

«Жібек жолы айшықтары» атты көрме-байқауына қытысушылар «Ең үздік балалар мен жасөспірімдердің киім үлгісі», «Ең үздік күнделікті киім үлгісі» және «Ең үздік жас-жұбайлар киім үлгісі» номинациясы бойынша сынға түсті.