Толассыз жауған жауын шаһар көшелерінде шылқып жатыр. Әсіресе, Шымкенттің орталық аумақтарында ағын су арнаға сыймай, жайпап кетті. Жолдар көлкіген судан көрінбей қалған. Түркістан көшесі мен Қонаев даңғылының қиылысында қозғалыс қиындады.
Қабанбай батыр көшесі, Тәуке хан және Республика даңғылдарының бірқатар бөліктерінде де көлкіген су жүргіншілер мен жүргізушілерді біраз әуреге салды. Бұл аумақтардағы арық-атыздар тазаланғанымен, нөсер жауын арнаға сыймай барады. Айта кету керек, аталған көшелерде толассыз жаңбыр жауа қалса болды, жұртшылық шылқыған судан жауыр болады.
Бір қызығы, аталған аумақтарда нөсер бола қалса, жұрттың көрер қорлығы осы деп ашынады қалың қауым. Жылда күз бен көктемде көлкіген судан аяқ алып жүру мүмкін емес. Ал жаяудың жайын ойлай бермейтін жауаптылар ирригациялық жүйені икемдеуге құлықсыз дейді тұрғындар.
Бұл аумақтардағы арық-атыздар тазаланғанымен, нөсер жауын арнаға сыймай барады. Соған қарағанда, тартылған ирригациялық жүйе тарлық етсе керек. Қазір толастамаған жаңбыр суын тарту үшін үш бірдей мекеме жұмылдырылған дейді жауаптылар. Алайда арнайы техникамен сорғыларды қосып, жұмыс істеп жатқандарды көзіміз шалмады. Олар Шымкенттегі шылқыған көлшіктердің бәрін жоюға күш салып жатыр деп жылы жапты шенеунік.
Қалай дегенмен де жаман айтпай жақсы жоқ. Нөсер тыйылмаса, апатты ахуалдың алдын алуға әзірміз деп жұбатты жауаптылар. Оған да сол үш мекеме барын салатын болады. Алайда түске дейін төпелеп, толастамаған жауынның салдарын дер кезінде жоя алмағандар, топан болып аққан ағысқа қарсы тұра қоятынына күмән бар. Қалай болғанда да айтқан жерден аулақ болсын деп тілейік!
Мақсат Жақсыбаев