Соңы шытырманға айналған жол апаты…

326
Соңы шытырманға айналған жол апаты...

Оңтүстіктегі Сайрам аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері жұмысына салғырттық танытқан. Капитан шенді анықтаушының кесірінен бір отбасының жалғыз перзенті Адаскүл есімімен жерленіпті. Шымкенттегі Қаратау аудандық соты осы іске байланысты тәртіп сақшысын салғырт ісі үшін жазаға тартты.

Бұл жол-көлік оқиғасы 2013 жылдың 9 қыркүйек күні Мәртөбе ауылы маңында болған. Лексус автокөлігі белгісіз жағдайда аударылып кетеді. Оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасы екі адамды ауруханаға жеткізген еді.

Соңы шытырманға айналған жол апаты...Осы апаттың орнына барған полиция анықтаушысы Үміт Дадамедов көлікті нақты кімнің басқарғанын білуге тырыспаған дейді марқұм қыздың анасы. Тиісті сараптама тағайындау бұлай тұрсын, оқиға басында зерттеу жүргізбеген.

Кейіннен, барлығы кетіп қалған соң көлікте болған бойжеткеннің ұялы телефонын джипті алып кетуге келген эвакуатордың жүргізушісі тауып алған. Ол да пайдакүнемдікпен тапқан затын ешкімге жария етпеген. Сондықтан қаза болған қыздың ұялы телефонын ұрлағаны үшін айыпты деп танылды. Сөйтіп салғырттықтың салдарынан марқұм белгісіз тұлға ретінде танылған. Анықтаушы көлікте болған жігіттің туыстарына қыздың денесін жер қойнауына тапсыруға беріп жіберіпті.

Қаза болған 24 жасар бойжеткеннің анасына оқиғадан кейін 1 ай 1 күн өткен соң ғана қаралы хабар жеткізіліпті. Осы кезде оның жалғыз қызына Адаскүл есімі беріліп, жерленгенін біледі. Іспен танысқан анасы анықтаушының кемшіліктеріне көз жеткізген. Тек 2016 жылы Қаратау аудандық соты марқұмның анасының арызын қанағаттандырып, бұрынғы капитанды кінәлі деп табады.

Дегенмен, сол оқиғадан бері біраз уақыт өтіп кеткеніне байланысты анықтаушы жазадан босатылды. Өйткені заңда осылай жазылған. Бірақ жалғызынан айрылған ана әлі де мұнымен тоқтамайтынын жеткізді.

Аудандық соттың шешімімен Сайрам ауданының тәртіп сақшысы кінәлі деп танылды. Ол өз кезегінде шығарылған үкіммен келіспей, келесі сатылы сотқа шағым да түсіріпті.

Дегенмен, облыстық алқа да алғашқы соттың шешімін өзгерізсіз қалдырған. Осылайша салғырттық танытқан Дадамедов ақтала алмады. Ал жәбірленуші тарап жол-көлік оқиғасы бойынша қосымша тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ішкі істер департаментінің бастығы Асқар Оспановқа жүгінген.

Жапа шеккен ана жауапсыз қалған сұрақтар көп екенін айтып отыр. Генералдың қабылдауында болған жәбірленуші тарап егер өтініш қараусыз қалса, шағымымызды Астанаға арқалаймыз деп отыр.

Ернар Балабеков