Түркістанда мемлекеттік қызметкер пара алғаны үшін жазаланды. Кінәлі азамат ірі көлемдегі айыппұл төлейді, деп хабарлайды ОҚО сотының баспасөз қызметі.
Айыпты Ж.Д. Түркістан қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының бас маманы болып жұмыс істеген. Тергеушілердің мәліметінше, ол Т.А. есімді азаматтан сауда орнының қойма ретінде пайдалану үшін санитарлық талапқа сай келетіні жайлы шешімді тезірек беруі үшін пара талап етіпті.
Осы әрекеті үшін Түркістан қалалық соты мемлекеттік қызметкерді қылмысты кодекстің 366-бабының 1-тармағы бойынша айыпты деп тапты. Және алған парасынан 50 есе көп мөлшерде, яғни, 2 000 000 теңге айыппұл төлеуге кесті. Мұнымен қоса айыптының мал-мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан айрылды.