Тұрландықтар жол азабын тартып отыр. Редакцияға арыздана келген тұрғындар ауруханаға баратын жолдың жылдар бойы жөндеу көрмей келе жатқанын айтады. Жергілікті халық жауын-шашын кезінде ластанған арық-атыздар да берекемізді алады деп отыр.
Науқастарды емдеу мекемесіне жеткізетін жедел жәрдем дәрігерлері де осы тар, ой-шұқыры көп жолдан өтуге мәжбүр. Амбулаторияға баратын жалғыз жол кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмеген. Нөсер жауында бұл жерден қатынау тіпті мүмкін емес дейді тұрғындар.
Тұрландықтар кірме жолдың жайын айтып, бармаған жеріміз қалмады дейді. Жолдың ахуалынан хабардар шенеуніктер уәде беруден әрі аса алмай отыр деп ашынады жұрт.
Ал Шымкент қалалық автомобиль жолдары бөлімінің мамандары бұл түйткілді жолдың жайын жақсы білетіндерін айтады. Жауаптылар тиісті шаралар көрілетініне сендіріп, тағы да уәдесін үйіп төкті.
Тұрландықтар жол азабын ғана тартып отырған жоқ, ирригациялық жүйелерден де көресіні көріп отыр. Айтуларынша, қолданыстағы бетондалған арық-атыздар қоқысқа толы. Жауын шашында бұл маңай көлдеп, жұртшылықтың мезі етеді.