Шымкентте бір топ жігіттің көңілді отырысы қан-жоса төбелеспен аяқталды. Бірге ішімдік ішкен жігіттер бірін-бірі аямай сабап тастаған.
Түнгі сағат 2-ден асқанда полицияның жедел басқару орталығына Әлімбетов көшесінің тұрғындары хабарласып, арызданады. Жергілікті тұрғындар осындағы көп қабатты үйдің алдында топ жігіт төбелесіп, шу шығарып жатқанын айтады.
Оқиға орнына сол маңға жақын жүрген полиция экипажы аттанады. Тәртіп сақшылары келген кезде 4 жігіттің өзара төбелесіп жүргенін көріп, ажыратады. Олардың үшеуі қатты таяқ жеген. Бет-аузы қан-қан.
Араларындағы жалғыз қызға да қолдың ұшы тиіп кеткен. Жедел жәрдем дәрігерлері соққы жегендердің барлығына алғашқы көмек көрсетті. Ал екі жігітті ауруханаға алып кетуге тура келді. Себебі, бірін-бірі танитын жігіттер мас болған соң жұдырықтасып қана қоймай, бір-біріне пышақ ала ұмтылған. Қолдарына іліккен таяқпен сабалаған.
Қазір полицейлер бұзақылардан жауап алу үстінде.