Шымкентте полицейлер қала тынышын бақылап-қадағалауы үшін жаңа көлікті тізгіндеді. Бірақ ол әдеттегідей жанар-жағармаймен жүрмейді.
Полиция сержанты Ғабит Карсыбаев жолға дайындығын пысықтауда. Тежегішті тексеріп, қажет заттарын түгендеді. Бірақ әдеттегідей авткөлік емес, тізгіндегені — кәдімгі велосипед. Жауаптылар енді жаңа велокүзет жасағы қаламыздың және қоғамдық орындардың тынышын қадағалауға атсалысады дейді.
Ғабит Қарсыбаев, Шымкент ҚІІБ жол-патрульдік полициясы полкінің инспекторы: «Өте ыңғайлы, әсіресе, бейнекамерадан көрген құқық бұзушылықты басына дер кезінде жету үшін жақсы. Себебі саябақтардың ішінде автокөлікпен қуып жету мүмкін емес, ал велосипед бұл үшін таптырмайтын көмекші дер едім.»
Бұл — пилоттық жоба. Оны жүзеге асыру үшін жергілікті билік полиция қызметкерлеріне 10 велосипед пен арнайы ыңғайлы киім қарастырған. Енді тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда заңға қайша қадамға барғандар тез көзге түсіп, жазаланатынын жеткізді.
Ерлан Ермекбаев, Шымкент ҚІІБ жол-патрульдік полициясы полкі командирінің орынбасары: «Әзірге қаладағы 5 саябаққа барып, ондағы жағдайды бақылаймыз. Егер тәртіп бұзған жандар қолға түссе, заң аясында жауап береді.»
Жаңалықтан хабардар болған жерлестеріміз бастама тұрғындардың тазалығын-тынышын сақтауына ғана емес, полицейлердің қызмет сапасының артуына сеп болады деп сенеді. Айта өтетін ақпар — полицейлерге арналған веложасақтың саны жуырда тағы да артуы мүмкін. Бұл үшін қазынадан 1,5 милллион теңге бөлініп отыр.