Былтыр жат ағымдардың жетегінде кете жаздаған 800-ден астам қазақстандық дәстүрлі дініне кері қайтарылды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен өткен «Ғұламалар кеңесінде» айтылды. «Дін және тарих тағылымы» деп аталған семинарға бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен ғұламалар кеңесінің хатшысы Ершат Оңғаров қатысты.
Рухани ілімін арттыруға арналған шараға өңірдегі 800-ден астам мешіт имамдары, молдалар мен медресе ұстаздары шақырылған. Алғы сөзін бастаған бас мүфти жыл сайын ұйымдастырылатын кеңеске әр түрлі тақырып қойылуы ұлттық құндылықтардың жаңғыртылуына басымдылық жасау екенін атап өтті. 2015 жыл «Дін мен дәстүр» деп жарияланып, ұмыт қалған құндылықтар кітапқа енгізілді. Биылдың да өзіндік ерекшелігі бар.
Ержан қажы Малғажыұлы, ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти: «Біздің тарихтан аларымыз көп. Кезіндегі хан, сұлтандардың уақтындағы «Тәуек ханның 7 жарғысы», «Қасым ханның қасқа жолы» секілді дала заңдары мен салт-дәстүр, жөн-жоралғылардың барлығы Ислам дініндегі озық үлгідегі мәдениет. Біз өткенге қарай отырып кемшілігімізді толықтыруға зор мүмкіндік бар».
Жыл мезгілінің жаңаруымен тұспа-тұс келген шара барысында тағылымдық іс жасалып, ағаш отырғызылды. Дінмен біте қайнасқан қазақ дәстүрінде тал егу ер-азаматтың парызы болып саналады. Салт-санамыздағы көптеген жоралғылар еліміздің әр өңірінде әртүрлі орындалады.
Семинардың негізгі мақсаты — сол әр алуандылықты бір ізділікке салу. Бұл үшін арнайы кітап теріліп, оны баспаға ұсыну мәселелері қарастырылмақ. Сонымен қатар «Діни қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығы» құжаты, «Кесене тұрғызудың үкімі» пәтуасын талқылап, қабылдау, «Таблиғи жамағаты» діни экстремистік ұйымына қатысты пәтуа бекіту сияқты өзекті мәселелер талқыланбақ. Аталған семинар 30-31 наурыз күндері Сайрам ауданында жалғасын табады.