Бас мүфти: «Тойда ұйымдастырылған ерсі ойындардан бас тарту қажет»

89

Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай Тағанұлы той-томалақта анайы ойындар ұйымдастырып жүрген асабалардан дәстүр әдебін сақтауды сұрады. Соңғы кездері әлеуметтік желіні шарлап жүрген видеолар болашақ ұрпақтың тәрбиесіне әсер етеді дейді ол Сондықтан мұндай әдепсіздікпен халық болып күресу қажет. Бірақ қалай?

Соңғы кездері мұндай әдепсіз ойындарға халықтың көзі үйреніп кетті. Тіпті, қалыпты жағдайға айналып бара жатыр деуге болады. Ұлт болашағына алаңдаған еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мұндай ойын ұйымдастырып жүрген асабаларды сынға алды. Өйткені, интернетте ашықтан ашық көрсетіліп жатқан әдепсіз би видеоларыбалалардың болашағына қауіпті.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти: «Ол жерде ақсақалдар, үлкен аналарымыз отырады. Олардың көзінше жастардың арсыз іс-әрекеттері дұрыс болмайды. Ол үлкенге құрметсіздік. Және жастарды басқа бір бағытқа шақыратын дұрыс емес әдеттерден барыншы біз тиылуымыз керек. Қазір ащы су ішіп алып, ақылдан азып неше түрлі қылықтар қылып жатырмыз. Ол енді ұят нәрсе».

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжебай Шал да бұл пікірге қосылатынын жеткізді. Әрі қазіргі асабалар жеңіл дүниеге құмар болып кетті дейді. Сөзінше, той басқарушылар ащы суға сылқия тойып алған азаматты ел алдында мазақ етуді әдетке айналдырып алған.

Кенжабай Шал, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, әнші, жазушы: «Біздің кезімізде асабалар өте сауатты болатын. Қате айтсақ ұялатынбыз. Ал қазір бәрі жаттанды. Жеңіл дүниеге өте құмармыз. Сен мықтысың ба? Кітапты қаз. Ойын дейді. «Тойға барсаң үйдің иесі айтты ойын жоқ болмаса, керек емес дейді». Оған кінәлі, оған үйреткен бізбіз. Айтатын сөзіміз жоқ. Уақыт өткізу үшін, біреудің 5-6 тиынын алып тез бітірсек, қайтсақ».

Бұған тек асбалар ғана емес, той иелері де кінәлі дейді ел ағалары. Сондықтан, халық болып мұндай әдепсіздіктен жаппай бас тарту қажет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та салт-дәстүрдің берік сақталып, той-қуаныштарының өз деңгейінде өтуін құп санайды.

Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлымен үлкен сапарда болдық. Кіші қажылыққа барып, дұға еттік. Сол кезде біз ол кісімен осы мәселелерді талқыладық. Әрине, ол кісі де қазақтың құндылықтары сақталса, соны кеңінен халқымызға жеткізсек деп жатыр. Енді соны жай-жайлап қолға алсақ».

Мұндай ұсынысты Бас Мүфти Шымкентке келген сапарында айтты. Ақсақалдар мен жас буын өкілдерімен кездескен төраға бүкіл елдің назарын осыған аудару қажет деді. Қазыналы қарттар да Наурызбай Тағанұлының ұсынысын қолдап, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істейтінін жеткізді.