Қарағандыда қазақы өнер-дәстүр паш етілді

463

Күнгейдің мәдениет күндері кеншілер қаласы Қарағанды үшін тосынсыйға толы болды. Арқадағы ағайын «Оңтүстік цирк» мекемесінің әзірлеген шоу-бағдарламасын көргенде, таңданысын жасырған жоқ. «Таңғажайып керуен» атты жобада жас гимнасшылар ешқандай сақтандыру белсеуінсіз әуеде, 10-30 метр биіктікте өнер көрсетті. Керілген қыл-жіптің үстімен би-билеп жүріп өтті. Бұл бағдарламаға қарап-ақ өнер үшін өмірлерін тіккен цирк әртістері, көрерменнің ықылас-қошеметін бәрінен биік қойғанын байқауға болады.

IMG_3489

IMG_3475

IMG_3463

Жауырыны қақпайқтай, нар тұлғалы азаматтар да цирк нөмірлерін, оның ішінде керілген арқанда секіру өнерін ұсынды. Бір-біріне өрмелей мініп, жаңа әдіс-тәсілді меңгергенін көрсетті. Ал залдағы таңданысын жасырмаған жамағат пен кішкентай көрермендер «Таңғажайып керуен десе, ғажайып-сыйқыр әлеміне ендік» десті.

Сайқымазақтар да қарағандылықтарды күлкіге көміп, жұмыла ойнайтын  ойындарында белсенділік танытуына сеп болды. Бүгінде «Оңтүстік цирктің» оғланы болған Ержан Нұрсұлтанұлы балалардың жүзіне қуаныш ұялатудағы шеберлігін осылай шыңдай түсті. Ал ақылды, есепті әп сәтте шешетін иттермен бірге Жанна Калметова жəне ең жас əртіс Перизаттың өнеріне қала тұрғындары таңдай қақты.

IMG_3640

IMG_3616

IMG_3678

Айта өтейік, осыдан 36 жыл бұрын Қарағандыда цирк ғимараты бой көтергенімен, онда ұжым жоқ. Сол үшін жұмыс тұралап тұр.

IMG-20160422-WA0010

IMG_3979

IMG_4237

Оңтүстіктің мәдениет күндері мұнымен шектелген жоқ. Өңіріміздегі өнер шеберлерінің жұмыла ұсынған «Бірлігі жарасқан мәңгілік ел» гала-концертіне ұласты. Кеште күнгейдегі бекзат өнерді дәріптеуші опера және балет театрының әншілері мен Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның ұжымы өнер көрсетті. «Қазына» және «Тұмар» фольклорлық би ансамбльдері «Қазыналы Оңтүстік» мәдени шарасының ажаран аша түсті. Кештен шыққан көпшілік «Бұрын-соңды мұндай қазақы дәстүр аңқыған кешті көрген емеспіз» деп тарасты.

IMG_4704

IMG_4674

IMG_4673

IMG_4690

IMG_4647

IMG_4613

IMG_4717

Мәдени шара Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының сахналаған тарихи туындысымен тәмамдалды. Өнер ұжымы Сарыарқа төсіндегі тұрғындар үшін С.Досановтың «Тозақ шеңбер» туындысын сахналады. Азаттықтың ақ таңы үшін арпалысқан желтоқсаншылар, олардың қилы тағдыры баяндалатын еңбектің қоюшы-режиссері — Қуандық Қасымов. Қарағанды облысындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында қойылған шығарманы тамашалаған көпшілік елі үшін өмірін сарп еткен аптал азаматтардың қадамына куә болды.

IMG_4327 (2)

IMG_4332

IMG_3950

IMG_3956

IMG_3952

Мәдениет саласының мерейін осылайша үстем еткен қос өңір шара соңында сый-тартуларын үлестіріп, тарқасты. Айта өтетін ақпар, Қарағанды облысындағы мәдениет күндеріне күнгейдің 300-ге жуық өнерпазы жұмылдырылған.