13 сәуір — халықаралық «Физули» сыйлығының иегері, өмірі өлеңге айналған ақын марқұм Әбілда Аймақтың туған күні. Осыған орай қалың оқырманы қаламгерді еске алды. Әдеби шараға жиналған ақынның үзеңгілес достары-қаламдастары, туыстары мен оқырмандары естеліктер айтып, жырларын оқыды. Қаламгердің туған күнін атап өту үшін күнгейліктер ақынның өзі өмірден өтер шағында негізін қалаушылардың бірі болған «Темірқазық» түнгі кітапханасына жиналды.
«Жұрт мені ақын деп жатады, жазушы деп жатады. Бірақ, шын мәнінде көңілім толмайтын нәрселер көп. Олай дейтін себебім, айтам деген ойымды айтып үлгере алған жоқпын осы 60 жылдың ішінде. Қазір көбіне батырлар жырын жазып жүрмін, біраз батырларды жаздым. Енді алдағы жоспарым, осы батырлардың жырын пьесаға айналдырсам деген ой, арманым бар.»
Бұл — ақынның бізге берген соңғы сұхбаты. Өкінішке қарай өмірі өлеңге айналған ақын осы арманын жасы 60-ты алқымдағанда өзімен бірге арқалап кетті. Алайда өміршең өлең-жыр шумақтары жұртшылық жүрегінде жатталып жүр бүгінде. Ән болып шалқып-шарықтайтыны қуантады. Әбілда Аймақтың 70-ке жуық еңбегіне ән жазып, тыңдарманға ұсынып үлгерген композитор еске алу кеште Шымқаланың ән-ұранына айналған шығарманы өзі орындап берді.
Өмірзақ Оспанов, сазгер: «Әнді орындаған кезде бойымды сағыныш кернеді. Әбекеңе деген сағыныш… Бірге отырып, ән жазып, оны кімге ұсынамыз деп бас қатырған сәттер де есімде. Бір ерекшелігі — ақынның өлеңдерін оқыған бойда жүрегіме ән құйылып келеді. Бұл да кездейсоқтық емес, оның өлеңдерінің қасиеті болса керек».
Ақынның жанын ұғып, әрдайым қасынан табылып-қолғанат болған жандар да осында. Олар жастар үшін Әбілда Аймақтың талғамы биік шығармашылығы мен өмір жолын бірауық еске алып, айтып отыр. Ал өңіріміздегі педагокикалық институтта дәріс берген ұстазы студент Әбілданың бойындағы қасиеттерін сағына еске алды.
Бегман Ысқақ, Ә. Аймақтың ұстазы: «Сұлулықты жақсы көретін, бір көркем дүниені көретін болса, соның қасына түрегеліп тұрып қарап, тақырыпты жырына арқау ететін, жаңа еңбектер осылай дүниеге келетін кездер көп болды. Қарапайым, қай кезде де адамның көңіліне қарап, ойын айтатын еді».
Айта өтейік, 18 жасынан өлеңге қалам тартқан Әбілда Аймақ 22 жыл бойы облысымыздағы жазушылар одағын басқарды. Талай шәкірт тәрбиеледі. Бүгінге дейін оқырманындарына 17 кітап сыйлап үлгерген ақын 60 жасында, 2015 жылдың 15 ақпаны күні өмірден озды. Бірақ қаламгердің кітап қазынасы мен қолтаңбасын жалғаушы жас толқын мұқалмақ емес, ақынның өзі іргетасын қалаған «Темірқазық» әдеби клубының жұмысын жандандырып келеді.