Театр сезімді құрметтеуге шақырды. Астана жастар театры күнгейлік көрерменге Уиллиам Шекспирдің «Асауға- тұсау» шығармасын ұсынды. Қыңыр мінез қыздың шытырманға толы оқиғасы мен сезімнің сұлулығы көрініс тапқан туындыны біз де тамашалап қайттық.
Сән-салтанат, шаттыққа толы өмір, жастолқынның сезімге еруі. Мұның барлығы да Италиядағы бейғам патшалық дәуренінен көрініс тапты. Астана жастар театрының әртістері шығарманың мазмұнын күнгейлік көрерменге дөп жеткізу үшін алғашқы бөлімде сахнаның емес, залдың ортасынан табылды. Ал комедиялық қойылымда басты рөлдегі Катеринаны сомдау, ұжымда 9 жылдық тәжірибесі бар әртіс Айнұр Асанқызына жүктелді.
Қойылым желісі бойынша бай-бағлан, сол заманғы көпес-саудагердің баспанасы және екі бойжеткен қызының қолын сұрай келген жігіттердің қадамы баяндалады. Қыңыр мінез кенже қызына серілер сөз салмақ түгілі, алдына баруға бата алмайтын. Мұны естіген бейтаныс бозбала шаһарға бұрылып, сұлудың асау сезімін тұсаулауға тәуекел етеді.
Айнұр Батырхан, көрермен: «Керемет әсер алдық, дәл қазіргі қоғамға дөп түскен қойылым дер едім. Гендерлік саясаттың да өзіндік орны болатыны және отағасына деген құрмет те түсіндірілген. Әйелдердің нәзік жанды адам ретінде қалыптасуы керек екені анық айтылған. Риза болдым, әсіресе, әртістердің шынайылығына тәнтімін».
Әуезовтың тұшымды аудармасымен қойылған Шекспирдің бұл комедиясын өнер ұжымы осыдан 2 жыл бұрын қоржынына енгізген. Спектакльдің қоюшы-режиссері Нұрқанат Жақыпбайдың айтуынша, сезімді бағындыруға бағытталған қалжыңға толы туындыны көпке шебер ұсыну үшін аз-кем өзгерткен.
Нұрқанат Жақыпбай, қоюшы-режиссер: «Мәтінге еш тиіскенім жоқ, тек, мағына анық жетуі үшін әуендер мен би, хореографияны қостым. Қызықты шығуы үшін қалжың мен түрлі декорацияларды ойлап таптым. Іс-қимылдарды да ширақ жасауға тура келді. Тағы бір айта кетерлігі — қойылымда ойнаған әр әртіс кемінде 3-4 келі салмақ тастады, себебі шығарманы ойнауда іс-әрекет пен бидің орны ерекше».
«Асауға-тұсау» спектаклі соңында қаймықпайтың қыңыр қыз Катерина бейтаныс жігіттің сезіміне бағынды. Шынайы махаббат шаңырақ көтерумен тәмамдалды. Айта өтейік, аталған шетелдік шығарманы сахналау үшін Астана жастар театрының 45 әртісі түгелдей жұмылып отыр.