Астана Жастар театры «Жібекті» сахналады

46

«Жібек». Астана жастар театры жерлестеріміз үшін осындай тақырыптағы премьерасын таныстырды. Таңданатыны сол — жазушы М.Әуезовтың әйгілі бұл лиро-эпостық дастан-қойылымы әдеттегідей емес, бұл жолы мюзикл, тіпті фольк-рок жанрында көрініс тапты. Заманауи бағытқа бейімделе баяндалып, сан қилы өнердің түр-танымы үйлесе тоғысқан туындыны біз де тамашалап қайтқан едік.

Қазақтың салт-санасы. Жастардың сыры мен мұңы, арманы мен мұраты. Мұндай сезімнің сұлулығы, сенімнің сергелдеңін жерлестеріміз бұл жолы «Астана жастар» театрының ұсынған «Жібек» қойылымынан көріп, кемедегі оқиға-көрініске куә болды.

Бұла боп өскен ерке, өр мінезді, ақылына көркі сай Жібекті сомдау бүгін жас әртіс Назерке Серікболоваға жүктелген. Қойылымда өнер иесі тек сөзбен ғана емес, әнді де кәсіби орындап, көрерменге кейіпкерінің болмыс-бітімін, сұлулығының сырын жеткізуі тиіс. Осы орайда, 3 жылдық тәжірибесі бар әртіс рөліне етене енудегі құпиясымен бөлісіп, сахнада кездесетін қиындықтарды да бізге айтып берді.

Назерке СерікболоваНазерке Серікболова, Астана жастар театрының әртісі:»Жібекке расында ұқсаймын-ау, деп қалдым. Әсіресе өжеттілігі, айтқанын орындайтын бірсөзділігі. Кейіпкерімнің бойындағы асыл қасиеттерін де меңгере алдым. Ал қойылымда бізге сәл қиындық туғызғаны — жүгіріп, ортасында цирктегідей секіріп, оған қоса диапазоны кең әндерді орындау. Бірақ, күнделікті жаттығулардың арқасында, бұл тапсырмаларды еркін орындай алдық».

Қойылымда Шекті руының айдай сұлу аруы — Жібек пен Жағалбайлы руының батыры, сері — Төлегеннің арасында тұтанған сезім шоғы — мәңгілік махаббат жыры көрініс тапты. Бірақ, таңданатыны сол — Жастар театры жазушы М. Әуезовтың әйгілі лиро-эпостық жауһар жырын өзгеше, ерекше екпінмен, мюзикл бағытына бейімдей баяндады. Ал қойылымның қоюшы-режиссері Нұрқанат Жақыпбай бұл еңбек қоғамның сұранысына ие болып, көрерменнің көзайымына айналуы үшін тың тәсілді қолданғанын, тіпті шығарманың аты мен затына да аз-кем өзгеріс енгізгенін жасырған жоқ.

Нұрқанат Жақыпбай, қоюшы-режиссер: «Қыз Жібек» десем, сол баяғы оқиға болады.

Нұрқанат Жақыпбай

Ал бүгінгі заманға әкелу үшін «Жібек» деп атадым. Жастар үшін! Қазір жастар қуана, жатырқамай, қабылдап жатыр. Сондай-ақ, музыкалардың да ең жақсы үйлесім табатын тұстарын алдық. Мұнда ән, би, цирктегі қимылдар мен қазақы дәстүр және заманауи бағыт бірлесе кіріккен. М.Әуезовтың еңбегі болғандықтан, кинодан, кітаптан, кәнігі спектакльден — бәрінен қажетті тұстарын алып, мюзикл мен фольк-рок жанрында ұсынып отырмыз. Сондықтан, әу баста көрермен қалай қабылдайды екен деп уайымдағанымызды жасырмаймын».

Спектакльдің соңында, қос ғашық — Жібек пен Төлегеннің махаббаты қайғылы таргедиялық жағдаймен тәмамдалады. Айта өтейік, Астананың Жастар театры бұл жолы Шымкентке жәй емес, Елордамыздың 20 жылдығы құрметіне қолға алынған гәстрөлдік іс-сапары аясында бұрылған. Ал бүгінде бас қаладағы жастардың өнер ұжымында 180 адам жұмыс жасайды. Оның 43-і — шығармашылық ұжым.

Мөлдір Бекеева