Достық жұрты жарыққа жарымай отыр. 500-дей түтіні бар елдімекен тұрғындары электр жарығына қол жеткізе алмай отыр. Қалың қауым жергілікті билік пен мердігер өзара келісе алмай, халықты әбден әбіржітті дейді. Сорақысы сол, кей тұрғындардың тұрмыстық техникалары электр сымының қысқа тұйықталуынан істен шыққан.
Жеті жылданы бері Достық-2 шағынауданында тұратын Сұлушаш Өміртаева ауыл тұрғындары әлі күнге өз қаражаттарымен тартып алған қуат көзін пайдаланып отыр дейді. Айтуынша, жекенің меншігіндегі трансформатор арқылы берілетіндіктен, жарық бағасы да тым қымбат. Екі есеге артық шығындалатын жұртшылық әр киловат үшін 25 теңге төлейді. Алайда сол қымбат жарықтың сапасы көңіл көншітпейді.
Сұлушаш Өміртаева: «Тоңазытқыш, телевизорлар жанып кетті. Соның барлығы тоқтың азынан. Ал бір үйлерде, тіпті, өрт болды.»
Сығырайған жарық тұрғындарды титықтатып бітті. Қалталылар көрші көшеден арнайы сыммен жеткізіп алса, қарапайым жұрттың оған шамасы келмейді.
Ділбар Ишанова, тұрғын: «Кешке ешқандай сабақ оқымаймыз, машина тіпті айналмайды, шаңсорғыш тартпайдыт. Тек түнгі 1-ден кейін ғана тоңазытқыш қосылады. Сол 1-ге дейін жарық жаға алмаймыз, жарық!»
Түйткілді жарықтың жайынан жергілікті билік те хабардар. Жауаптылардың сөзіне сенсек, елдімекенді сапалы электр қуатымен қамту үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, қазынадан қаржы қарастырылған. Айтуларынша, құрылыс жұмыстарына кіріскен мердігерлер бағаналарды орнатып, электр жүйесін тартып беріпті. Көше бойына су жаңа трансформатор қойылды. Бірақ, жұмысты бір ізге сала алмаған мердігер істі созабалаңға салып келеді. Оның соңы сотқа ұласып отыр.
Нұрлан Жаманкөзов, қалалық тұрғын үй, коммуналды шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі: «Ол жерде қысқа тұйықталу болған соң жанып кетуі мүмкін. Бір, екі, үш көшенің электр жүйесі жанып кетсе, кім оны қалпына келтіреді? Сондықтан, осы кемшіліктер жойылмай, біздің «Оңтүстік-жарық» мекемесі ол желілерді қоспайды.»
Осылайша мердігердің салғырттығы тұрғындарға кесірін тигізіп отыр. Жұртқа уәде беруден әрі аса алмай келе жатқан компания басшыларының жұмысты қашан жүйелейтіні белгісіз.
Мақпал Рысбаева