Бүгін белгілі болғандай, пилоттық жоба ретінде қолданылып келген қоқыс контейнерлерінің сынақ мерзімі аяқталды. Осыдан 4 жыл бұрын жер асты қоқыс құтылары орнатылып, жаңалық енгізілген болатын.
Алайда, сала мамандарының мәліметінше, 25 миллион теңгеге орнатылған ресейлік құтылар ешқандай пайдасын бермей, жоба өзін өзі ақтамаған.
Әрқайсысының бағасы 500 мың тұратын қоқыс контейнерлері Нұрсәт шағынауданының 19 жеріне орнатылған еді. Бүгінде сол 57 жәшік жарамсыз күйге түскен. Полипропиленнен жасалған контейнерлердің бірі қоқысқа толы болса, енді бірі өртеніп, іске аспай қалған. Осылайша, бюджетің қыруар қаражаты желге ұшты.
Ерлан Есіркепов, ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: «Бұл жәшіктердің кепілдік мерзімі өтті. Енді демонтаж жасаймыз.»
Кезінде ресейлік бұл жәшіктерді қолданысқа енгізбек болған «Тазалық 21» мекемесі еді. Мұндағы мақсат — қатты тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып, салынуы тиіс болатын. Бірақ жер асты контейнерден қоқыс алатын техникасы болмады. Бұған қоса шымкенттік тұрғындарды қоқысты жіктеп салуға үйрету оңайға түспепті.
Есесіне, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөліп тастауды «Эко-тазалық» мекемесі оңай жолмен меңгертті. Самал шағынауданындағы бір көшенің тұрғындарын толығымен үйретіп, жаңа жүйемен өзгелерді қамтымақ болғанда, жоба жарты жолда тағы қалып қойды.
Міне, осылайша Шымшаһарды таза қала атандыруға талпынған биліктегілер біраз тәжірибе жасады. Енді бүгінде евро үлгідегі контейнерлер орнатып, тағы да сыналмақ. Оны жүзеге асыру тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөліміне жұктеліп отыр. 260-қа жуық жаңа қоқыс контейнерін орнатып, жаңарту аудан әкімдіктеріне тапсырылды. Бұл жоба қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді.
Нұрлан Жаңабай