Нұрсұлтан Назарбаев «Химфармда» болды

325
Нұрсұлтан Назарбаев "Химфармда" болды

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы ірі фармацевтикалық компания «Химфарм» акционерлік қоғамында болды. Елбасы фармацевтикалық дәрілік заттарды, ұнтақ антибиотиктер, шәрбаттар, тұнба және ерітінділер шығаратын технологияларды бақылап көрді.

Нұрсұлтан Назарбаев "Химфармда" болды

Бұл компания басшылары 2016 жылдың мамыр айында жаңа цехтың құрылысын аяқтап, сол цехта ұнтақ антибиотик шығаратын желіні пайдалануға береміз дейді. Сондай-ақ, жылдың соңында ұнтақ антибиотик шығаратын жаңа цехтың екінші желісін іске қосуды көздеп отыр.

Жаңа фармацевтикалық өндірістерді жаңарту бағдарламаларын іске асыру шеңберінде 100 млн АҚШ долларынан астам инвестиция жұмсау жоспарлануда. Бүгінгі таңда 61 млн АҚШ долларынан астам қаражат игерілген.

Сауда белгісі «SANTO Member of Polpharma group» болып табылатын «Химфарм» АҚ бүгінде өз өнімдерін бес мемлекетке — Ресейге, Моңғолияға, Қырғызстанға, Тәжікстанға және Түркіменстанға экспорттап, сату көлемін молайту мақсатында Қырғызстанда өкілдігін тіркеді.

Ендігі жоспар — Өзбекстан нарығына шығу және Ресейдегі алатын орнының ауқымын кеңейту болып отыр. Басшыларының мәліметінше, 2015 жылы 1,3 миллиард теңгеден асатын дәрі-дәрмек жоғарыда аталған мемлекеттерге экспортталған.