Оңтүстікте көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасында 17-27 жас аралығындағы жас жігіттер медициналық тексеруден өтіп жатыр.
Науқанның алғашқы күні 100 шақты азамат арнайы медициналық сараптамаға барып, олардың барлығы да комиссияның оң қортындысын алды. Айта кетейік, биыл қала бойынша 3 мың азамат әскерге шақырылады. Салаға жауаптылардың сөзіне сенсек, жергілікті азаматтардың арасында құпия әскерге сұранатындары көп.
18 жасар Әкім Жұманов үшін бүгін маңызды күн. Ол өз құрпыластарымен бірге арнайы комиссияның тексеруінен өтіп жатыр. Жігіттерде алаңдаушылық та жоқ емес. Сегіз дәрігерден өткен Әкімнің денсаулығында еш кінәрат жоқ деп танылып, комиссия оны әскерге жарамды деп тапты.
Ал 23 жастағы Александр Лепнин отбасылық жағдайына байланысты әскерге бара алмай жүрген болатын. Биыл бұл жерлесімізге де Отан алдындағы борышын өтеудің сәті түскелі тұр. Ақ халаттылар болашақ жауынгердің денсаулығын тексере келе оң қорытындысын шығарыпты.
Басқарма іші медициналық сараптамадан өткелі келген бозбалаларға толы. Жас жігіттер әскерге жарамдылықтарын тексерту үшін бірнеше дәрігерлердің тексеруінде болуы тиіс. Ақ халаттылардың сөзіне сенсек, тізімдегілердің 80 пайызы әскерге жарамды деп танылған.
Жауаптылардың сөзіне сенсек, біздің өзірден әскерге аттанғандардың дені әскери борышын өз деңгейінде орындап елге абыроймен қайтады. Шымкенттің шымыр жігіттері көбіне құпия әскер мен арнайық жасаққа шақырылады.