Оңтүстіктің құтқарушылары Солтүстікке көмекке аттанды

267
Оңтүстіктің құтқарушылары Солтүстікке көмекке аттанды

Солтүстік өңірдегі су тасқынына көмек қолын созуға Оңтүстіктің төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де аттанды. Қазір 8 арнайы техника мен 50 құтқарушы Астана қаласында жүр. Олар жоспарлы тапсырманы күтуде.

Оңтүстіктің құтқарушылары Солтүстікке көмекке аттанды

Бүгінде Солтүстік халқы үреймен күн кешуде. Баспанасын да, малын да тастап, бас сауғалап кеткен тұрғындарға көмек берушілер де табылып жатыр. Олардың қатарына күнгейлік құтқарушылар да қосылды. Қазір 8 техника мен 50 құтқарушы Астана қаласында. Өңірде тағы бір эшалон тас түйін дайын отыр. Кез келген уақытта Солтүстік Қазақстанға жол жүруге қамданып қойыпты.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, Солтүстікте төтенше жағдай жарияланған елдімекендер саны күн сайын көбейіп отыр. Қарапайым халық үйлерін жапа-тармағай тастап, мектептер мен басқа да ғимараттарға көшуде. Жығылғанға жұдырық болғандай, синоптиктер бұл өңірде алдағы күндері жауын-шашын толастамайтынын хабарлайды.

Ал Оңтүстікте төтенше жағдай мамандары таудағы қардың аздығынан және жауын-шашының аз жауғанынан жағдай бір қалыпты сақталып тұрғанын айтады. Ешқандай үрейге бой алдырудың қажеті жоқ.

Зарипа Тұрысбекова, ОҚО ТЖД бас маманы: «Облыстың өзендері мен су қоймаларында су деңгейі өте төмен. Сондай-ақ департамент қызметкерлері күнделікті мониторинг жүргізіп отыр.»

Ғалымжан Кенжебек