Биыл Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін лицензиялық жарыстарда облыс спортшылары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, жолдаманы ұтып алған спортшыларымыздың қатары 14-ке жетті. Алдағы уақытта спортшыларымыз ауыр және жеңіл атлетика спорт түрлері бойынша сынға түсіп, қоржынымызды тағы да бірқатар жолдамаларға толтыру көзделуде.
Осылайша Олимпиада ойындарына ұлттық құрама сапында 15-тен астам оңтүстікқазақстандық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, жыл басынан бері облыс спортшылары әлем чемпионаттары мен кубоктарына қатысып, 4 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алса, Азия чемпионаттарында 2 күміс және 2 қола медальге ие болды.
Өңірдің оғландары осы уақыт аралығында 59 спорт түрі бойынша Қазақстан чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 201 алтын, 182 күміс, 219 қола медальға қол жеткізді.
Қазақстан ұлттық командасының негізі құрамында Оңтүстіктен 411 спортшы, жастар құрамасында — 415 спортшы, жасөспірімдер құрамасында — 263 спортшы, жалпы 1089 спортшы бекітілген. Спорт түрлері бойынша ұлттық құрама сапына енген 110 спортшыға ай сайын стипендия төленуде.