Шымкенттің полицейлері инспектор көлігі қағып, қайтыс болған Ерсайын Әбіловтың туыстарынан кешірім сұрады. Тәртіп сақшылары оқиға бола сала жарақат алған жігіттің үйіне келіп, жақындарынан кешірім сұрағандарын, көмектескендерін айтады.
Ол кезде Ерсайын Әбілов ауруханада жатқан. Араға екі күн салып жарақат алған азамат ауруханада көз жұмды. Ал Ерсайын Әбіловтың тілшілерге сұхбат беруден бас тартқан туыстары қызмет бабын атқарған полицейлердің жағдайын түсінетіндерін айтқан.
Еске салайық, қайғылы жағдай 17 наурызға қараған түні болды. Жол жүру ережесін бұзған Лада көлігін қуып келе жатқан полиция көлігінің алдынан жаяу жүргінші шығады. Лада көлігі бұрылып кетіп, бағананы соққан. Ал полиция көлігі жаяу жүргіншіні соғады.
Қатты соққыдан жәбірленуші бірнеше метр жерге ұшып кеткен. Ауыр халде жатқан ол жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген. Ал қашып кеткен Лада көлігінің жүргізушісі екі күннен кейін қолға түсті.