Ұлттық мұра ұмытылмайды. Шымкентте ұлттық киімдерді ұлықтауға арналған жас дизайнерлердің сайысы өтті. Шара қазақ халқының ұлттық киім үлгілерін заманға сай үйлестіру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Конкурсқа қаламыздың жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері және сән үйлерінің өкілдері қатысты.
Мына киім үлгілері Севара Шакироваға тиесілі. Дизайнер бұл топтамасын көктем мезгіліне арнайы даярлаған. Ол ұлттық киім үлгісіне шығыстың қолөнерін пайдалана отырып, жаңашылдық енгізді.
«Нео-фольклор» деп аталатын бұл сайысқа өңіріміздің 20 дизайнері өз топтамасын алып келген. Ал әділқазылар жұмыстың әрленуі мен жаңашылдығына мән берді. Сондай-ақ, күнделікті өмірде киюге ыңғайлылығын ескерді. Енді үздік деп танылған сән киімдерін көпшілікке қолжетімді бағамен сатылымға шығару көзделіп отыр.
Ұсынылған топтамалардың үздіктері облыстық байқауға жібереді. Сонымен бірге көпшіліктің көзайымына айналған дизайнерлердің туындылары алдағы уақытта өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде қойылатын болады.
Дана Тұрғынова