Шымкенттіктер тез арада төлқұжатқа қол жеткізуге мүмкіндік алды. Сәуір айынан бастап 2 жұмыс күні ішінде жеке куәлік пен төлқұжатты әзірлетуге болады. Бірақ бұл жаңалық тек қала халқына қатысты.
Бір айта кету керек, әр азамат жылдам жасалған куәлік үшін мемлекеттік баж салығынан бөлек тағы бес мың теңге төлеуге тиісті.
Жеке куәлікті 30 күнтізбелік күнде даярлау ақысы — 424 теңге 24 тиын. Ал 7 күнде дайын болуы үшін салық көлемі ұлғаяды. Ол 1989 теңгені құрайды.
Серік Тілеукиев, ОҚО ІІД көші-қон басқармасына қарасты Абай ауданы бойынша азаматтарды тіркеу және құжаттандыру бөлімінің аға инспекторы: «Шымкент қаласы бойынша жеке куәліктер мен төлқұжаттар 2-3 жұмыс күнінде даярланатын болды. Азаматтар жедел даярланған құжаттар үшін мемлекеттік баж салығынан бөлек 5000 теңге төлейді. Құжатты қабылдау күні есептелмеген жағдайда жеке куәлігіңіз не төлқұжатыңыз екі күнде дайын болады.»
Төлқұжатты әзірлеу үшін 8 484 теңге төлесеңіз болғаны, 30 күнтізбелік күнінде дайын болады. Ал оны жылдамдату үшін тағы 5000 теңге қоса төлеу керек. Бұдан бөлек 16, 25, 45 жасқа толған азаматтар құжаттарын жаңалауы қажет.
Шынар Оразова