Солтүстікке тағы біраз жанұя аттанды

252
Солтүстікке тағы біраз жанұя аттанды

Оңтүстікте 900-ден астам адам Солтүстік пен Шығыс және Орталық Қазақстан өңірлеріне көшуге ниет білдіріп отыр. Солардың 16-сы тап бүгін сол аймақтардағы ахуалмен танысып, жасалған жағдайды өз көзімен көріп қайтпақ. Мұндай қадам олар үшін «Серпін» бағдарламасы аясында мүмкін болып отыр. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен брифингте айтылды.

Солтүстікке тағы біраз жанұя аттанды

Айгүл Ешаналиеваның «Серпінге» сенімі берік. Баянды бағдарламадан өзге өңірге қоныс аудару ұсыныс бірден қабыл алды. Өйткені, баспаналы болып, жұмыс тауып, тіпті, өз кәсібін ашуға да мүмкіндік берілген. Ал мұндай мүмкіндікті ол мүлт жібермек емес. Сол үшін бүгін Солтүстікке сапар шегуге бекініп отыр.

Айгүл Ешаналиева: «Біз жұмысты Петропавлдан таптық. Ол жаққа барып, көріп келдік. Жұмыс орнын да тауып келдік, үй орнын да тауып келдік. Орташа жалаы ол жақта 80-90 мың теңге, ал бізде орташа жалақы 30 мың теңге, оның үстіне жұмыс таба алмайсың. Бұл — біріншіден. Екіншіден, үй мәселесі. Үйді бірден береді екен, таңдап алады екенсің. Бес жылдан кейін автоматты түрде өз атымызға аударлады екен. Ал оған дейін солардың атында, ЖШС-нің атында тіркеліп тұрады. Алғашқы кезінде олар бизнеске кепілдіксіз несиемен көмектеседі. Екіншіден, олар жанұяға мал керек десеңіз, мал береді екен, қайтарымсыз.»

Қазір өңірімізде 4 облыстың өкілдері бағдарламаның барысымен түсіндіріп, ішкі көші-қон мен қоныстандыру бағытындағы тиімді тетіктерді түсіндіріп жүр. Олар Мақтаарал, Сарыағаш аудандары мен Шымкент қаласы тұрғындарымен кездесіп, бос жұмыс орындарын ұсыныпты. Мәселен, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында 5 млн гектардан астам жер бос жатыр. Ондағы халық саны 97 мың адамнан аспайды. Ал Тайынша ауданындағы бірқатар елдімекендер жойылып кетудің алдында тұр. Сол аумақтарды сақтап қалу үшін жергілікті серіктестіктер 91 қызметтік үйді көшіп келушілерге әзірлеп қойыпты. Ондағы қоныстанушы отбасыларға балабақша мен мектептер сақадай-сай. Оған қоса 470-тен астам бос жұмыс орны бар. Әсіресе, ауыл шаруашылығы және бюджеттік салалар мен өзге де бағыттағы еңбек түрлері қарастырылған.

Жасыратыны жоқ, қазір біздің өңірде 64 мыңнан астам жұмыссыз бар екен. Оның 30 пайызының жоғары білімі мен біліктілігі жоқ. Ал дипломы бар жұртшылықтың мамандығы аса сұранысқа ие емес. Заңгер, экономист, тағысын тағылар. Сондықтан мамандар қазір жұмыссыз жүргендерді қайта оқытуға оқталып отыр.

Әзірге 4 бірдей облыстан келген өкілдер барлық жағдайды жасап береміз, тек еңбек етіп, елдің демографиясын көтерсе болғаны дейді. Олар бағдарламаның баянды боларын айтып ағынан жарылды. Егер осының бәрі бұлжытпай орындалатын болса, жыл соңына дейін тағы талай жанұя төрт өңірдің төріне жайғасары анық.

Мақсат Жақсыбаев