Мақтаарал ауданының тәртіп сақшылары аккумулятор ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 21 жастағы жігітті ұстады. 2016 жылдың басынан бері Мақтаарал аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне Жетісай қаласының оннан аса тұрғыны шағымданып келген.
Олардың барлығы да түн ішінде аулада тұрған автокөліктерінің аккумуляторы ұрланғанын айтқан. Көлік бөлшегінің әрқайсысы шамамен 50 мың теңге тұрады. Бір айта кетерлігі, жәбірленушілердің барлығы да жүк көліктерінің иелері.
Аталған ұрлықты ашу мақсатында аудандық тәртіп сақшылары жедел іздестіру іс-шараларын ұйымдасырылып, жергілікті темір қабылдау орындары мен ақосалқы бөлшек сататын дүнгіршектерді тексереді. Бұдан кейін Жетісай қаласының орталығында орналасқан бейнекамералардың көмегімен күдіктінің соңына түседі.
Нәтижесінде жергілікті 1995 жылғы жігіт ұсталды. Ол алғашқы тергеу барысында-ақ өз кінәсін толық мойындап отыр. Қазіргі таңда ұсталған жігіттің 5 аккумулятор ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Көлік иелеріне келтірілген шығын көлемі 500 мың теңгеге жуықтайды.
Аталған жайт бойынша 188-баппен (ұрлық) қылмысты іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.