Қара шаңырақ құрметке бөленді. Қазақстанның театр қайраткерлері одағының басшылығы өңіріміздегі Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының жыл бойы атқарған жұмыстарын саралап, ұжымдағы үздік қызметкерлерді марапаттады.
Театр майталмандарының төл мерекесінде тағайындалған тарту мұнымен шектелген жоқ. Облыстық мәдениет басқармасы мен қалалық мәдениет бөлімінің басшылығы да өнер иелерінің еңбегін елеп, мадақтау қағаздарын үлестірді. Ал көрермен қауым өнер ұжымына, оның ішінде театрдың әртістеріне гүл шоқтарын сыйлап, ыстық лебіз-тілектерін жолдады.
Гүлжайна Ілясова, Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі: «Өте қуаныштымын. Мұндай марапатты күткен жоқпын. Менің ойымша, бұл алғыс хат маған «Темір қатын» қойылымындағы басты рөлді сомдағаным үшін берілді. Үлкен рахмет, ұжымыма да рахмет айтамын! Менің басты арманым — «Ромео мен Джульеттадағы» Джульеттаны, «Қозы Көрпеш — Баян сұлудағы» Баянды сомдау. Осы арманыма жету үшін әрмен қарай еңбектенемін».
Академиялық театр ұжымы сыйға-сый ұсынуды ұмытқан жоқ. Көрермендері үшін қоржынындағы спектакльдерді әзілге арқау ете отырып, қойылым қойды. Оның ішінде «Әйел сыры» шығармасын ер адамдар қалжыңын араластыра отырып, жұртшылық наразына ұсынды. Айта өтетін ақпар, 83 жылдық тарихы бар театрда бүгінде 145 адам қызмет етеді. Оның 45-і — шығармашылық топтың өкілдері.