Шымкент қаласында жылқы ұрламақ болған азамат қолға түсті. 7 сәуір түні сағат 23:00 шамасында Абай полиция бөлімінің кезекшісіне облыс орталығындағы мал базарларының бірінде белгісіз біреу жылқы ұрлауға әрекеттенгені жайлы хабарлама түсті.
Оқиға орнына жеткен полицейлерді мал иесі қарсы алды. Оның айтуынша малшы түн ішінде иттің үргенін естіп, сыртқа шыққан. Сол уақытта жылқы ұрламақ болып жатқандарды байқапты. Жылдамдық танытқан малшы күдіктіні қолға түсіріп, полицияға хабарлаған. Бұл жігіт 1985 жылы туған жергілікті тұрғын болып шықты.
Полицейлер оқиғаның орын алу барысы мен себептерін анықтау мақсатында күдіктіні және жәбірленушіні Абай полиция бөліміне жеткізді. Қазір осы факті бойынша қылмысты кодекстің 188-бабымен (ұрлық) іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.