Шымкентте жер учаскелерін өз бетінше пайдаланып, оған иелік ететіндер көбеюде. Заңсыз үй салған жерлестеріміз құрылысқа қожайын болып шыға келеді.
Бірақ, мұның барлығы ережеге қайшы. Осыны түсіндіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, олар жер мәселесіне қатысты жіті зерттеу жүргізуге кіріскен. Бұл туралы қала басшылығы, облыстық прокуратура және жер инспекциясының өкілдері өткізген брифингте белгілі болды.
Мамандар алға тартқан мәліметтер бойынша, бүгінде Шымкентте 452 жер телімі заңсыз иеленген. Олардың жалпы аумағы 39 гектарды құрайды.
Айта кету керек, құрылысқа иелік етіп, заңсыз жер иеленгендер қазір әкімшілік тұрмақ, қылмысты жауапкершілікке тартылады. Дегенмен, мұндай қадамға барғандардың әлеуметтік тұрғыдағы жағдайы да елеп-екшеленеді дейді құзырлылар.
Бірақ, қалай болғанда да, жер учаскесін пайдалану және оның нысаналық мақсатына қатысты барлық ережелерді қатаң түрде сақтау керек. Жауапты мамандар халықты осыған шақырады.